30.06.2026, 19:00
Оқылды: 74

Жымпитыда Сырым және Қаратөбе ауданының БАҚ өкілдері бас қосты

Бұқаралық ақпарат құралдары күніне орай Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында мазмұнды шара өтті. Басқосуда тарихы мен тамыры бір Сырым және Қаратөбе ауданының медиа саласы мамандары бас қосып, өзара тәжірибе алмасты.

IMG_2318

Мерекелік шара аясында «Қайсар» спорт клубында ақпарат өкілдері арасында асық ату, дартс және волейболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылды. Спорттық сайыстың ашылуында Сырым ауданы әкімі аппаратының басшысы Максим Тілегенов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал қаратөбелік меймандарды Жымпиты жеріне аудан әкімінің орынбасары Ғабит Ғазиев бастап келді.

IMG_2312

Қаратөбе мен Жымпиты – ежелден іргесі сөгілмеген, мәдениеті мен руханияты үндес өлкелер. Бүгінде екі аудан қоғамдық-саяси және мәдени салаларда тығыз әріптестік орнатқан. Сонымен қатар бұл аймақтардың баспасөз тарихы да өте тереңде жатыр. Жымпиты өңіріндегі баспа ісінің іргетасы сонау 1919 жылы қаланса, кешегі «Ерік», «Қызыл ту», «Қайнар» газеттерінің шежірелі жолын бүгінде «Сырым елі» басылымы лайықты жалғастырып келеді. Ал жақында ғана іргелес жатқан «Қаратөбе өңірі» аудандық газеті өзінің 90 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өткен болатын.

IMG_2305

Тағылымды шараның қорытындысы бойынша Сырым ауданы әкімінің орынбасары Арман Ғұмаров қос ауданның бұқаралық ақпарат саласы қызметкерлерін арнайы қабылдады. Журналист-жазушы Б. Ойшыбаев атындағы залда өткен еркін форматтағы жүздесуде БАҚ өкілдеріне құрмет көрсетіліп, ақпарат айдынындағы еңбектері жоғары бағаланды.

IMG_2307

Б. Шерім,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале