1.07.2026, 21:30
Оқылды: 64

Жаңа Конституция білім экономикасына көшуге жол ашты

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, ел тарихында тұңғыш рет адам капиталын, білім беру жүйесін және инновацияларды дамыту басымдықтары ең жоғары конституциялық деңгейде бекітілді.

_gluster_2026_7_1_4f766947d368ef66c7673c95a2447941_1280x720

Фото: gov.kz

Жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның білім экономикасына көшуіне берік құқықтық негіз қалады. Ата Заңдағы бұл өзгерістер сапалы кадрлар даярлауға, заманауи ғылыми-зерттеу ортасын қалыптастыруға және озық инновацияларды өндіріске енгізуге жаңа серпін бермек. Жаһандық технологиялық сын-қатерлер дәуірінде білім сапасы мен болашақ технологияларын жедел меңгеру қабілеті еліміздің егемендігі мен жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің басты көрсеткіші ретінде айқындалды.

Бұл конституциялық қағидаттар бүгінде нақты заңнамалық шешімдер арқылы іске асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми-білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды қолдауға бағытталған жаңа Заңға қол қойды. Осы реформалар аясында елімізде жоғары білімге қолжетімділік деңгейі жүйелі түрде артып келеді. Мәселен, соңғы бес жылда мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі бір жарым еседен астам өсті. Атап айтқанда, бакалавриат бағдарламалары бойынша мемлекеттік гранттар саны 2019 жылғы 51 023-тен 2025 жылы 77 084-ке дейін ұлғайтылды.

Сонымен қатар халықаралық академиялық ортаны дамыту жұмыстарының нәтижесінде Қазақстан Орталық Азияның жетекші білім беру хабына айналып келеді. Бүгінде елімізде 32 шетелдік жоғары оқу орны мен олардың филиалдары табысты жұмыс істеуде. Отандық университеттер базасында экология, су ресурстары, энергетикалық қауіпсіздік және биотехнология сияқты стратегиялық маңызды бағыттар бойынша 11 академиялық әрі ғылыми-зерттеу артықшылық орталығы құрылды. Жаңа конституциялық реформалар қазақстандық ғылымның жаһандық кеңістікке толыққанды кірігуіне және халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың кеңеюіне даңғыл жол ашып отыр.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале