2.07.2026, 22:15
Оқылды: 69

Шыңғырлауда жаңа вокзал пайдалануға берілді

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында заманауи талаптарға сай бой көтерген жаңа теміржол вокзалы ел игілігіне берілді.

image-02-07-26-10-04

Нысанның ашылу рәсіміне жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысып, тұрғындарды қуанышты оқиғамен құттықтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, елімізде теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Бастапқыда Шыңғырлау стансасындағы ескі вокзалды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған еді, бірақ ғимараттың әбден тозуына байланысты оны толықтай сүріп, орнына қысқа мерзімде заманауи нысан салу жөнінде шешім қабылданды.

Шыңғырлау — халықаралық теміржол дәлізі бойында орналасқан маңызды стансалардың бірі. Сондықтан жаңа ғимараттың ішкі жабдықталуына ерекше мән берілген. Мұнда кең күту залы, билет кассалары, қызметтік бөлмелер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған арнайы орындар қарастырылған.

Облыс басшысы Нариман Төреғалиев өз сөзінде жаңа Конституцияның қолданысқа енгізілуімен тұрғындарды құттықтап, бұл қадам Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды белес екенін атап өтті. Сондай-ақ ол вокзал маңындағы ескі су мұнарасын жөндеп, аумақты одан әрі абаттандыруды тапсырды.

Қазіргі уақытта еліміз бойынша 124 теміржол бекеті қайта жаңғыртудан өтіп жатыр, сондай-ақ 650-ден астам жолаушы вагоны жаңартылды. Батыс Қазақстан облысында осы уақытқа дейін Орал қаласының, Тасқала ауданының және Ақсай қаласындағы «Қазақстан» теміржол вокзалдары толық жаңартылып, қолданысқа берілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша БҚО-да 419 мыңнан астам жолаушы теміржол қызметін пайдаланып, 5 миллион тонна жүк тасымалданған.

Өңір басшысы көлік инфрақұрылымын заман талабына сай жаңарту мемлекет саясатының маңызды бағыты екенін ерекше атап өтті.

Қаршыға Асу,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале