9.07.2026, 15:30
Оқылды: 14

Бұлдырты кешін скрипка үні тербегенде…

Сырым ауданы, Бұлдырты ауылдық округінде «Астана – махаббатым менің» атты мерекелік шара өтті. 

1000340882

Есіл жағасындағы  мерейлі мерекесіне арналған бұл кеш ауыл тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл күй сыйлап, ұлттық ән мен өнердің салтанатына айналды.

Мерекелік шараның ашылуында ауылдық округ әкімі Нұрлыбек Уәлиахмет ауыл тұрғындары мен қонақтарын Астана күнімен шын жүректен құттықтап, еліміздің өсіп-өркендеуі мен халқымыздың бірлігіне тілектестік білдірді. Ол өз сөзінде Астананың Тәуелсіз Қазақстанның символы, елдің дамуы мен жарқын болашағының айғағы екенін атап өтті.

image-09-07-26-12-49-1

Концерт барысында ауданнан арнайы келген өнерпаздар – Сәндібек Өтеғалиев, Алмагүл Жұма, Сәлімжан Аубакиров, Аңсар Жетпісқали, Лунара Шамшиева, Мұхтархан Гайнедин, Гүлназ Жүсіпкалиева, Мейірбек Қанатов және басқа да әншілер өз өнерлерін ортаға салып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Шырқалған патриоттық әндер мен халықтың сүйікті туындылары мерекенің сәнін келтіріп, көрермендердің көтеріңкі көңіл күйін еселей түсті.

Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – аталмыш ауылдың жиені, Норвегиядан арнайы келген скрипкашы Алмас Қарақыстықтың сахнаға шығуы. Ол туған жерге деген сағынышын скрипка қылына сыйғызып, Бұлдырты кешін әлемдік классиканың жауһар үнімен тербеді.

image-09-07-26-12-49

Айта кетейік, Алмас Қарақыстық 1977 жылы дүниеге келген. Қазір Норвегияда тұрады.

Шебер скрипкашының есімін естісе бүгінде  Еуропадағы концерт залдары елеңдейді. Ол скрипка шанағына әлемдік музыка туындыларын да, қазақ даласының үнін де сыйғызған. Мәселен, Алмас Қарақыстық Норвегияның астанасы Ослодағы Қазақстан елшілігінде Республика күніне орай Сегіз серінің “Назқоңыры” мен Е. Брусиловскийдің “Бозайғыр” туындысын орындаған еді.

1000340864

Алмас кеше Бұлдыртыдағы кездесуде туған ауылына араға он бес жыл салып қайта табан тірегенін айтып, туған елдің қадірі мен атамекен жердің жылуы ешқашан ұмытылмайтынын тебірене жеткізді.

Сания Ғаниева,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале