13.07.2026, 15:30
Оқылды: 50

Қолөнерден кәсіпке: Шыңғырлауда шеберлік сағаты ұйымдастырылды

Шыңғырлау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Дән» мәдениет үйінде әйелдерге арналған шеберлік сағаты өтті.

 image-13-07-26-11-47

Қазақ халқында «Өнерлі қол – бақытқа жол» деген тағылымды сөз бар. Қолөнер – тек әдемілікке бастайтын өнер ғана емес, отбасының берекесін арттырып, табыс табуға мүмкіндік беретін игі кәсіп. Осы мақсатты көздеген тағылымды шара аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Дән» мәдениет үйінде ұйымдастырылып, аудан әйелдерінің басын қосты.

Шеберлік сағатының негізгі мақсаты – әйелдердің сәндік-қолданбалы өнер саласындағы практикалық дағдыларын дамыту, шығармашылық қабілеттерін шыңдау, әлеуметтік белсенділігін арттыру және үй жағдайында қосымша табыс табуға мүмкіндік беретін кәсіп түрлеріне қызығушылық қалыптастыру.

image-13-07-26-11-47 (1)

Іс-шара барысында тәжірибелі тігінші Шынар Нажмеденова қатысушыларға матаны дұрыс пішудің қыр-сырын, бұйымды кезең-кезеңімен тігудің әдіс-тәсілдерін және тігін жабдықтарымен қауіпсіз әрі тиімді жұмыс істеу жолдарын жан-жақты түсіндірді. Әрбір қатысушы көп рет пайдалануға арналған экологиялық таза матадан тігілетін экошоперді өз қолымен дайындауға мүмкіндік алды.

Шеберлік сабағының ерекшелігі – дайын бұйымды әр қатысушының өз талғамына сай безендіруінде болды. Әйелдер экошоперлерін еліміздің бас қаласының символына айналған «Бәйтерек» монументінің аппликациясымен, «Астана», «Менің Елордам» жазуларымен, ұлттық ою-өрнек элементтерімен және өз қиялынан туған сәндік композициялармен көркемдеді. Нәтижесінде әр бұйым өзіндік ерекшелігі бар авторлық туындыға айналды.

image-13-07-26-11-46

Шара барысында қатысушылар қарапайым тоқыма бұйымдарын тігудің бастапқы машықтарын меңгеріп қана қоймай, қолөнер бұйымдарын күнделікті тұрмыста пайдалану немесе кәсіп көзіне айналдыру мүмкіндіктері жөнінде де пайдалы мәліметтер алды. Бұл бағыттағы білім мен тәжірибе алдағы уақытта өз кәсіпкерлігін дамытуға ниетті әйелдер үшін маңызды қадам болары сөзсіз.

Осындай игі бастамалар әйелдердің шығармашылық әлеуетін дамытуға, жаңа кәсіп түрлерін меңгеруге және өз мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Сонымен қатар шеберлік сағаты қатысушылардың өзара тәжірибе алмасуына, пікір бөлісуіне және бір-біріне қолдау көрсетуіне мүмкіндік берген жылы жүздесу алаңына айналды.

image-13-07-26-11-47 (2)

Аталған тағылымды шаралар арқылы ауданымызда әйелдердің еңбекке араласуына, қолөнерді кәсіпке айналдыруына және отбасы әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуда. Қолөнерді қолдау – ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, еңбек адамының мәртебесін көтеруге де қызмет етеді.

 

Светлана Өсәлім

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале