Жаз мезгілі – табиғаттың бар сұлулығы ашылып, туған өлкенің көрікті жерлерін тамашалауға қолайлы кезең. Осындай уақытта ұйымдастырылған мәдени-көпшілік шаралар тек халықтың бос уақытын мазмұнды өткізуге ғана емес, өңірдің туристік әлеуетін танытуға да зор мүмкіндік береді. Осы мақсаттағы жарқын жобалардың бірі – «Шалқар Fest» фестивалі.

Шалқар көлінің жағалауында өткен фестиваль аясында Шыңғырлау ауданының мәдениет және спорт саласының қызметкерлері демалушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, туған өлкенің рухани байлығы мен мәдени келбетін кеңінен паш етті. Көл жағасына арнайы орнатылған сахнада ауданның өнерпаздары ұлттық және заманауи әндерді әуелете шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әсем әуен мен табиғаттың көркем көрінісі үндесіп, мерекелік көңіл күй қалыптастырды.
Фестиваль тек концерттік бағдарламамен ғана шектелген жоқ. Спорт саласының қызметкерлері жағажай волейболы мен арқан тарту жарыстарын ұйымдастырып, демалушыларды белсенді өмір салтын ұстануға шақырды. Балалар мен ересектер спорттық ойындарға қызығушылықпен қатысып, көл жағасы шаттық пен бәсекеге толы мерекелік алаңға айналды.
Шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Айбек Исламбек сөз сөйлеп, мұндай бастамалардың аймақ туризмін дамытудағы орны ерекше екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы ішкі туризмді дамытуды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы ретінде айқындады. Шалқар көліндегі фестивальосы бағыттағы жұмыстардың бірі. Алдағы уақытта бізде ауданымыздағы табиғаты ерекше Сарқырама, Торыатбас тауы, Қонақай көлі және басқа да көрікті орындарда мәдени-спорттық фестивальдер ұйымдастырып, тартымды туристік бағытқа айналдыруды көздеп отырмыз, – деп атап өтті.
Инфрақұрылымды жаңарту, сервис деңгейін көтеру арқылы экономиканы әртараптандыру және азаматтардың өз елінде сапалы демалуы үшін жағдай жасау басты міндет. Әсіресе табиғи әлеуеті жоғары ауылдық өңірлер үшін мұндай жобалардың маңызы зор. Өйткені туризм тек демалыс саласы ғана емес, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрдің насихатталуына ықпал ететін маңызды экономикалық тетік.
"Шалқар Fest" фестивалі осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі ретінде есте қалды. Шара соңында демалушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, мұндай мәдени және спорттық кездесулердің дәстүрлі түрде жалғасуына тілектестік танытты.
Табиғаттың көркі мен ұлттық өнердің үйлесімі, спорт пен мәдениеттің үндестігі тоғысқан бұл фестиваль өңірдің туристік әлеуетін танытуға серпін беретін тағылымды бастама болды. Осындай игі жобалар көбейген сайын туған өлкенің табиғи байлығы кеңінен насихатталып, еліміздің ең тартымды туристік орындарының біріне айналары сөзсіз.
Сара Шакрат
Шыңғырлау ауданы