Орал қаласындағы Достық үйінде су шаруашылығы және балық шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Мерекелік іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясының басшысы Ғалидулла Азидуллин, БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев, Батыс Қазақстан облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының басшысы Нұрлан Абдрахманов, сала ардагерлері мен қызметкерлері қатысты.
Жиында алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2023 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы еліміздің су шаруашылығы саласын дамытудағы маңызды кезең болғанын атап өтті. Бүгінде өңірде 2024–2028 жылдарға арналған су шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл жоба ауыл шаруашылығын, мал шаруашылығын және балық шаруашылығын одан әрі дамытуға тың серпін бермек. Қалияр Айтмұхамбетов су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі гидротехникалық құрылыстардың сенімді жұмысын қамтамасыз етуге, су инфрақұрылымын дамытуға және су ресурстарын ұтымды пайдалануға негіз болатынын атап өтті. Олардың кәсібилігінің арқасында өңір тұрғындары үздіксіз сумен қамтамасыз етіліп, еліміздің су қауіпсіздігі нығая түсуде.
Салтанатты іс-шарада Қалияр Айтмұхамбетов облыс әкімі Нариман Төреғалиевтың және ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің атынан су және балық шаруашылығы саласының ардагерлері мен үздік мамандарына мемлекеттік және ведомстволық марапаттарды табыс етті. Атап айтқанда, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен Берік Қадыров, «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен Әнуар Аркенов марапатталды.
Облыс әкімінің алғысхатымен Батыс Қазақстан облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының ардагерлері Әли Ниязов пен Қадыр Әлпейісов, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС БҚО филиалының ардагері Төреш Мұрзашев, сондай-ақ Қазбай Темірбеков, Дінмұхамбет Базарбаев және Ізбасар Айтқалиев марапатталды.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысында су ресурстарын ұтымды пайдалану, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, табиғи су көздерін қорғау, сондай-ақ балық қорын сақтау мен молайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл істе сала мамандарының кәсібилігі мен адал еңбегі өңірдің экологиялық қауіпсіздігін нығайтып, табиғи байлықты келер ұрпаққа сақтауға зор мүмкіндік береді.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»