15.07.2026, 12:30
Оқылды: 7

Жонарқада Нарын тағдыры тұр немесе жер дауы өршіп кетпей ме?..

Газетіміздің оқырманы әрі жанашыры Нағим Қитанұлы Тәжімұратов редакцияға суыт келді. «Еңбек даңқы» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Ауыл шаруашылығы саласының ардагері» атағының иесі, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, «Нарын» шаруа қожалығының жетекшісі ылғи, осылай суыт жүреді. Жеке шаруасы шүкірмен  жүріп жатса да, осылай жүретіні өзінің жеке жұмысына емес, әманда әуелі ауданның, сосын ауылының қамымен алашапқын болудан шаршамайтыны, бізге басында тосындау көрінген. Оған бүгінде үйрендік. Осыдан екі жыл бұрын киік мәселесімен Орда мен Оралдың арасын жол қылып, тіпті Экология министрі Нысанбаевпен де сан мәрте кездесті. Облыс деңгейінде шекелерін қыздырып, қызыл кеңірдек болған талай жиналыс өтті. Сөйтіп, Нағим сияқты ордалық азаматтардың және Нариман Төреғалиұлы бастаған облыс басшылығының сол кезде күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалса да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруларының» арқасында күйіп бара жатқан киік мәселесінің «қызуы» ептеп басылды. Әп дегенде, 160 мың бастың үстінде киік ауланып, шаруалар кәдімгідей жеңілдеп, тыныш ұйықтайтын  халге  жетті.

нагим тажмуратов_2025

Редакцияға бұл жолғы келісінің мәнісі – жер мәселесі екен. Жер болғанда, шаруалары оңға бұрылып, жыл сайын өрістері түлікке толып келе жатқан ордалық шаруаларға қажетті шабындық, жайылымдық жерлердің тарылып бара жатқан  мәселесі.

– Бұл жалғыз менің басымдағы жағдай емес, барлық  ордалық шаруаларға қатысты өте күйіп бара жатқан жағдай. Жыл өткен сайын шаруалар үшін жер, жайылыс, шабындық жәйі күрделеніп барады. Ал негізгі күн көрісін – мал шаруашылығынан тауып отырған аудан үшін мұның өмірлік маңызы зор. Біздің жақта болашақта мал шаруашылығымен айналысқысы келіп, талаптанып жүргендер әлі де баршылық. Орда – бір қиырында Ресеймен шектесіп жатқан аймақ. Шекара. Оны тастап кетуге, ашық, бос қалдыруға мүлдем болмайды. Сондықтан осы өңірде тұрып, мал өсіремін деген азаматтарды жан-жақты қолдау керек. Баяғыда, 1952 жылы Ресейге, полигонға, арендаға 943 мың 400 гектар жер берілген ғой. Оны опоңай бере қоймаған шығар, бірақ Кеңес үкіметінің үстемдігі, әпербақандық саясаты оған қаратпаған. Біз, міне, соңғы жылдары талмай айтып келе жатқанымыз: полигонның жеріне ең болмаса, жаз айларында шаруалардың малын кіргізу жайы. Анау 943 мың 400 гектардың бәрін ресейлік әскерилер пайдаланып жүрген жоқ, бос жатқан жерлер жетеді. Осыны мен өзім білетін шаруаларыма талайдан айтып келемін. Біздер өз жерімізге кіруге тартыншақтап жүргенде, көрші облыстың пысықтары ол жерлерді баяғыдан жайлап, қоныстанып алған. Мысал келтіру керек пе, мархаббат: Теректі деген жерімізде Ресейдің әскери бөлімі тұр. Оның арғы жағында Атыраудың Асан деген ауылдық округі жатыр. Біздің полигонға берген жерімізге тиіп тұр. Сол округтің әкімі ме, әлде облыс басшылығы ма, әйтеуір бір пысықтар Теректідегі әскери бөлімнің бастығына арнайы сұрау-өтініш түсіріп, ресми түрде рұқсат алған. Шаруаларын кіргізіп, бүгінде малдарын өсіріп жатыр. Атыраулықтардан қызғанып отырған жоқпыз, ол жерлер полигонның аумағында жатса да біздің, Орданың жері ғой...

Оны неге өзіміз пайдаланбаймыз? Өйткені өзіміздің де шекеміздің шылқып отырғаны шамалы, жыл өткен сайын малымыз көбейіп, жайылымдық, шабындық жетпей жатыр. Ең алаңдатарлығы, жер тозып барады.

Тап осы күндердегі ахуалды айтайын, шындығына келсек, соңғы 6-7 жылдан бері ордалық шаруалар полигон жерін ептеп пайдалана бастады. Сол жерде қыстайды, жазда да сол маңайда тұрып, малдарын өсіреді, мал азығын дайындайды. Турасын айтқанда, жыл санап жері малға тарлық етіп келе жатқан Орда өңірінің малшылары үшін полигон жері тым-тәуір көмек болып келіп еді. Бірақ жоғарыда айтып өттім ғой, соңғы жылдары Атырау облысының Құрманғазы ауданынан, Сүйіндіктен малшылар келіп, (бастап жүрген Хамит Алтынбек Жанболатұлы деген азамат) шөп шауып жатыр. Нақтырақ айтсақ, сол жердегі біздің ордалық «Игнат» шаруа қожалығының жеріне кіріп, билептөстеп, айтқанымызды құлақтарына қыстырмайды.

Әзірге жұдырық ала жүгіріп, жаға жыртысқан шатаққа бармасақ та, соған жақындап қалған сәттер болды.

«Шөпті шауып аламыз, рұқсатымыз бар, бізге ештеңе істей алмайсыздар» – деп шіренеді. Жоғарыда айтқанымдай, Атырау облысына қарайтын Асан ауылдық округінің әкімі осыдан 3-4 жыл бұрын біздің Теректі елді мекеніне жақын тұрған ресейлік әскери бөлімнің командиріне полигоннан жер сұрап, ресми хат жолдайды.

Ол хатта біздің Орда жерінен жалға алынған полигонның аумағындағы жерлерді кординаттарына дейін көрсетіп, малшыларына иемденуге рұқсат сұраған. Әскери полигонның өзі түгілі, айналасы жатқан құпия ғой. Ал оны кординаттарына дейін біліп, оны көрсетіп, рұқсат сұрауларына қарағанда командирмен әбден «ағайын» болып, ақылдаса, кеңесе отырып жазған болып шықпай ма?.. Ол құжатты өз көзімізбен көрдік, мінекей, газетке жариялауға әкеліп отырмын.

(Редакциядан аңдатпа: Біздің қолымызға тиген құжатта «Сүйіндік асыл тұқымды қой зауыты» ЖШС-ның Бөкей ордасы ауданындағы Ресей жалға алып отырған әскери сынақ полигонының жерлерін пайдаланып отырған малшылардың саны, қыстақтары көрсетілген. Түсінік-тілеу айтқанда, полигон командирімен келіскеннен кейін, көшіп келген малшылардың аты-жөндері көрсетілген (Капустин Яр полигонының Қазақстан аумағындағы жерлері қауіптілік дәрежесіне қарай, үш категорияға бөлінеді: І категория – ең қауіпті аймақ, мұнда адамдардың болуына, кіруіне жол берілмейді, қатаң шектеледі; ІІ категория – орташа қауіпті аймақ, кіруге, шаруашылық қызметке елеулі шектеулер қойылады; ІІІ категория – шартты түрде қаупі төмен аймақ. Мал шаруашылығы мен жайылымын пайдаланатын жерлердің басым бөлігі осы санатта орналасқан). Атыраудан барлығы 19 шаруа қожалығы ол жерлерді ен жайлап отыр. Бұл бізге белгілісі ғана. Бір көшірмесін аудан әкімінің қолына тапсырғанбыз. Бірақ одан әлі күнге нәтиже болмай, керісінше, атыраулық  малшышаруалар әбден жайғасып алған. Қысқы орындарына дейін салып алып, емін-еркін иемденген. «Бұға берсең, сұға бередінің» кері келіп, бұдан әрі үндемей отыра берсек, әлі талайлары келіп, есіктен кірмей жатып, «төр біздікі» дейтін түрлері бар. Біз ордалықтар болсақ, жыл санап, мал басының көбейуіне байланысты жердің тапшылығын мықтап сезінудеміз. Ал шеттен келген біреулер біздің жерімізді сыртымыздан иемденіп  жатқаны  қалай?..

Енді біздің бір үміттеніп отырғанымыз, бұл мәселені облыс әкімінің орынбасары Қалияр Шадиярұлына мағұлым еттік, осы келгенімде. Ол азамат біздің жерге байланысты сұрағымызбен тікелей айналысатынын айтып, бізді қуантып жатыр. Көңіл шіркін орнына түсіп, марқайып қалдым. Енді уақыт оздырмай құқық қорғау – сот, полиция, прокуратура құрылымдарын жұмылдыра отырып, жерімізді заңсыз иеленіп алғандарына заңи жолмен тойтарыс берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Соңғы кездерде сол айтып отырған жерлерге байланысты дау-дамай туындап, малшышаруалар өзара жанжалдасып қалған жәйттер де кездесуде. Турасын айтқанда, жерімізге байланысты өткір мәселе – бейбіт жолмен, заң аясында шешілсе, одан бәріміз де ұтар едік...

*  *  *

Иә, Нағим Қитанұлы айтқандай, қазір ордалық малшылар бір-біріне тығыз отыр. «Жердің тозғаны өз алдына, құм басып барады» – дейді олар. Орда – Бөкей және Жәңгір сынды қазақтың данышпан хандарынан қалған өңір. Бағзы заманда сол жерге тал шаншып, ағашорман жайқалтып, құмды бөгеген, аруағынан айналайын, Жәңгір атамыз. Хан ие баяғыда малды құмға жер  қатқанда кіргізіп, жазғытұрым мысалы, наурыз айында жазғы орындарына қайтадан көшіріп отырған. Әрі оны арнайы жарлық шығарып, қатты қадағалаған. Жер тозып кетпесін дегені ғой. Тіпті тарихи факті, сонау Астраханға дейін, Каспий жағалауларын ен жайлау үшін әуелі Бөкей сосын Жәңгір өздерінің тұсындағы патша ағзамдарға дүркін-дүркін хат жазып, тыныш жатпаған ғой. Сондай-ақ Каспийдің жағасындағы, Астраханның маңайындағы орыстың аса дәулетті адамдары, кньяздары – граф Безбородко мен кньяз Юсуповтың алып қойған, бірақ пайдаланбай  жатқан жерлерін де ордалық қазақтарға қоймай сұрап, қоймай жазғанын, сөйтіп, уақытша болса да алғанын  біз ұмытпауымыз керек. Келер ұрпақ жерден тарлық көрмесін деген ниеті қандай?.. Нарынның жерін бара-бара құм басатын болса, оны экологиялық апат дей беріңіз. Ал құм баса бастаған. Мысалы, Ұялы ауылының жеріндегі кейбір қыстақтар мен жазғы орындарға қызыл құм көшіп барып, басып жатыр... Жазғықысқы орындарды уақытымен ауыстырып отырмаса болмайды. Ол үшін малшылар айтып жүргендей, полигонның бос жатқан жерлерін пайдаланулары керек. Нағим Тәжімұратов соңғы 4-5 жылда қоймай, айтып келе жатқан «Аузымызды ашып жүре берсек, қасиетті Нарынның жерін әбден тоздырып, түбіне жетеміз...» – деген болады да шығады.

Иә, Тәжімұратов айтқандай, енді шегінетін жер қалған жоқ, жонарқада Нарын тағдыры тұр!

Есенжол Қыстаубаев,

«Орал өңірі»

игнат исагалиев

Игнат Исағалиев, «Игнат» ШҚ-ның   жетекшісі:

– Мен шаруа қожалығымды 2007 жылы құрдым. 2010 жылдан бастап, Жетіқұдық, Бесауа жерлерін пайдаланып, қазіргі полигон жерінен 6-7 мың гектар аумақтан мал азығын дайындап келдім. Осы күндерде Атыраудың Құрманғазы ауданынан шаруалар келіп, біздің жақтан ешкімнен рұқсат алмай, сол жерлерден шөп шауып жатыр. Бөкей ордасы ауданы жер қатынастары бөлімінен мамандар келіп, ескертіп, жұмыстарын тоқтатуды талап етті. Бірақ олар оған қарамай, жұмыстарын әрі қарай жалғастыруда. Одан кейін ішкі істер бөлімінен, жер қатынастары бөлімінен мамандар тағы келіп ескертті. Алайда олар оны да құлақтарына қыстырған жоқ. Сонау 2020 жылдан бастап, бұрынғы «Военная водокачка» деген жерден екпелі шөп өсіруді қолға алдым, бау-бақша ектім. Алайда қазіргі күндерде Сүйіндік ауылының әкімі Меңдешев Думан деген азамат сол жерге көз алартып отыр. «Полигон жеріне мен де барып отыра аламын», – дейді біздің қарсылығымызға. Ойпырмау, полигонның жері болғанымен оның түп атасы – Орда емес пе?! Ресейліктер Атыраудан немесе Сүйіндіктен емес, Батыс Қазақстан облысының Ордасынан жалға алып отырған жоқ па?.. Мәселен, полигонға орналасқан адамдарға рұқсат берген Кафуанов Бек деген азамат: «Бұл жер Ресейдің жері кіруге болады» деп насихат жүргізіп, Бөкей ордасының аймағы екенін мүлдем мойындамайды. Көршілеріміз осындай ретсіз, заңсыз әрекеттерімен бізге, өз жерімізде  жұмыс жасауға кедергі келтіруде. Осы күндерде Құрманғазыдан полигон жеріне 3 трактор, 2 шөп шабу агрегаты, 4 адам келіп жатажастана шөп шауып жатыр.  Болашаққа белгілеген мақсаттарым көп, соның бірі шет жерден 400 бастай ірі қара әкелсем деп едім. Ал мынандай жағдайда келер күндердің қамын ойлау қиынға түсетін түрі бар. Өз жерімізде өзіміз өгей болатын болдық қой...

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале