15.07.2026, 10:15
Оқылды: 92

БҚО-да тұрғыннан 3,3 млн теңге бопсалаған күдікті ұсталды

Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.

ec25148a-f8bc-4c6a-a90d-bb71fee2fa40

Сурет: Polisia.kz

Осы бағыттағы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Орал қаласында бірнеше бопсалау дерегінің жолы кесілді. 9 шілдеде полиция қызметкерлері бұрын сотталған 35 жастағы облыс тұрғынын ұстады. Тергеу барысында оның қаңтар-шілде айлары аралығында жәбірленушіні қорқытып, одан жалпы сомасы 3,3 млн теңге бопсалағаны анықталды.

Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті жәбірленушімен 2025 жылдың соңында ортақ таныстары арқылы танысқан. Кейін аралас-құралас болған кезде бірнеше рет қарызға ақша алып жүрген. Алайда биыл қаңтар айында жәбірленуші қарыз беруден бас тартқаннан кейін күдікті оған қоқан-лоққы көрсетіп, бірнеше ай бойы заңсыз түрде ақша талап еткен.

c54aefe7-34bd-411a-ae29-f829cff7c82d

Сурет: Polisia.kz

Соның салдарынан жәбірленуші оған жалпы 3,3 млн теңге берген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың маусым айында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар барысында тағы бір бопсалау фактісі әшкереленді.

Үш жас азамат күш қолданып, Орал қаласының 18 жастағы тұрғынына тиесілі iPhone 14 ұялы телефонын иемденгені анықталды. Аталған іс бойынша күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлығы өз кінәларын мойындады. Тергеу барысында ұрланған телефонның қаладағы дүкендердің біріне сатылғаны анықталып, полиция қызметкерлері оны тәркілеп, қылмыстық іс бойынша заттай дәлелдеме ретінде тіркеді.

82543922-ac1c-410c-b72b-ae4ccb7ab75c

Сурет: Polisia.kz

Екі дерек бойынша да Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің "Бопсалау" бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бопсалау және ұйымдасқан қылмыстық топтардың заңсыз әрекеттерін анықтау мен жолын кесу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале