16.07.2026, 11:00
Оқылды: 47

Жедел миокард инфарктін алған пациент МӘМС аясында тегін оңалтудан өтті

Орал қаласының тұрғыны 2025 жылдың қазан айында жедел миокард инфарктіне байланысты жоғары технологиялық медициналық көмек – аортокоронарлық шунттау операциясын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін алды. Қазіргі таңда ол кардиологиялық оңалтудың үшінші кезеңінен Жаңақала ауданындағы Ауданаралық сауықтыру ауруханасының оңалту орталығында өтуде.

WhatsApp Image 2026-07-16 at 10.41.52

Пациенттің айтуынша, ол Орал қалалық №1 емханасының жолдамасы бойынша оңалту еміне тегін қабылданған.

«Қазіргі таңда Жаңақала ауданындағы оңалту орталығында ем қабылдап жатырмын. Орал қалалық №1 емханасы жолдама берді. Барлық ем-шаралар МӘМС аясында тегін көрсетілуде. Дәрігерлер мен мамандардың жұмысына көңілім толады. Өзімді бұрынғыдан әлдеқайда жақсы сезінемін», – дейді пациент.

Ауданаралық сауықтыру ауруханасы оңалту орталығының бөлім меңгерушісі, реабилитолог Жандос Төлегеновтің айтуынша, пациентке жедел миокард инфарктісі салдарынан жүректің үш тәж артериясының бітелуі диагнозы қойылып, аортокоронарлық шунттау (АКШ) операциясы жасалған.

«Пациенттің жағдайы тұрақтанғаннан кейін ол кардиологиялық оңалтудың үшінші кезеңінен өту үшін біздің орталыққа жолданды. Қазіргі уақытта емдік дене шынықтыру, физиотерапия және кардиореабилитациялық ем-шараларды қабылдап жатыр. Оңалтудың нәтижесінде науқастың жалпы жағдайы жақсарып, физикалық белсенділігі артты, артериялық қан қысымы тұрақтанды. Барлық медициналық қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсетілуде», – дейді бөлім меңгерушісі.

Кардиологиялық оңалту – жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін ағзаның қызметін қалпына келтіруге, асқынулардың алдын алуға және науқастың қалыпты өмір салтына қайта оралуына бағытталған маңызды емдеу кезеңі.

Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында МӘМС жүйесі аясында медициналық оңалту қызметтерін көрсететін 32 медициналық ұйым бар. Сақтандырылған азаматтар дәрігердің жолдамасы негізінде осы ұйымдарда тегін оңалту көмегін ала алады.

Сымбат Жанабергенқызы, 

 Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ

БҚО филиалының бас сарапшысы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале