16.07.2026, 11:45
Оқылды: 11

Зертхана сүзгісінен өткен сапа

Жолдың сапасы тек құрылыс алаңындағы жұмыстармен ғана өлшенбейді. Оның беріктігі мен ұзақ мерзім қызмет етуі қолданылатын құрылыс материалдарының сапасына тікелей байланысты. Сондықтан жол саласында зертханалық бақылаудың маңызы жылдан-жылға артып келеді.

WhatsApp Image 2026-07-16 at 12.04.11 (1)

Батыс Қазақстан облысында бұл бағыттағы жұмыстарды «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мамандар жол құрылысында пайдаланылатын материалдарды арнайы зертханалық сынақтан өткізіп, олардың белгіленген стандарттарға сәйкестігін анықтайды.
Филиал мамандарының айтуынша, 2026 жылдың басынан бері зертханада 486 жол-құрылыс материалы сыналған. Оның ішінде 179 сынама жергілікті маңызы бар жолдардан, 307-сі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарынан алынған.
Зертханалық бақылау жол құрылысының ажырамас бөлігі саналады. Сынақтар арқылы қолданылатын материалдардың мемлекеттік стандарттар мен жобалық талаптарға сәйкестігі анықталады. Бұл жолдың сапасын қамтамасыз етіп қана қоймай, оның ұзақ жылдар бойы қауіпсіз пайдаланылуына негіз қалайды.

Зерттеу қорытындысы көрсеткендей, 486 сынаманың 126-сы немесе 26 пайызы нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келмеген. Оның ішінде жергілікті жолдардан алынған 68, республикалық жолдардан алынған 58 сынамада түрлі сәйкессіздіктер анықталған. Қазіргі таңда олардың бірқатары бойынша кемшіліктер түзетілген.
Талапқа сәйкес келмеген көрсеткіштердің қатарында асфальтбетон керндерінің тығыздығы мен суға қанықтылығы, инертті материалдардың физикалық-механикалық қасиеттері және асфальтбетон қоспаларының гранулометриялық құрамы бар.
Мұндай сәйкессіздіктер дер кезінде анықталмаса, жолдың пайдалану мерзімі қысқарып, кейіннен қосымша жөндеу жұмыстарын қажет етуі мүмкін. Сондықтан зертханалық бақылау құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде тұрақты жүргізіледі.

WhatsApp Image 2026-07-16 at 12.04.11
Мамандардың пікірінше, сапалы жол салудың негізі – сапалы материал. Осы талаптың сақталуы жолдардың ұзақ мерзім қызмет етуіне, көлік қозғалысының қауіпсіздігіне және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына мүмкіндік береді. Сондықтан өңірде зертханалық бақылау алдағы уақытта да жол құрылысының маңызды құрамдас бөлігі болып қала бермек.

"Жол активтері сапасының ұлттық орталығы"

БҚО филиалының баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале