Түркияның тарихи әрі мәдени орталығы Стамбул қаласында өткен «FESTLIFE ISTANBUL AWARDS» халықаралық фестиваль-байқауында Сырым аудандық “ALEM” оқу орталығының домбырашылар ансамблі бас жүлдеге ие болды.

Аталған өнер додасына Молдова, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Махачкала, Түркияның Анталия, Анкара, Стамбул қалалары, сондай-ақ Қазақстанның Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Шымкент қалаларынан келген өнерпаздар қатысып, өзара бақ сынасқан.
Беделді халықаралық байқауда “ALEM” оқу орталығының домбырашылар ансамблі “Ер Тұран” күйін орындады.
“ALEM” оқу орталығының дарынды шәкірттері Аянұр Серік, Тұрар Нұрхан, Нұрайлым Жаскелең, Айару Айбек, Айзере Бауыржан, Альмира Ғабділманап, Гүльназым Тұрар домбырамен түркінің төрінде Тұран даласының үнін әуелетті. Ансамбльдің жетекшісі - Дархан Қажғалиев.
Бұл жеңіс – тек бір ұжымның емес, ұлттық өнеріміздің, қазақ күйінің халықаралық сахнадағы биік беделінің айқын дәлелі. Домбыраның күмбірлеген үні арқылы халқымыздың рухы мен мәдениеті әлем жұртшылығына тағы бір мәрте таныстырылды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы