16.07.2026, 15:30
Оқылды: 139

Құрылтай сайлауы - ел болашағына бастайтын маңызды қадам

Ел өмірінде әрбір сайлау - мемлекеттің дамуына, қоғамның кемелденуіне және азаматтық жауапкершіліктің артуына ықпал ететін маңызды саяси оқиға. Ал 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы - еліміздің қоғамдық-саяси жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа кезеңнің бастауы.

PHOTO-2026-07-16-12-01-40

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес тағайындалған бұл саяси науқан ел азаматтарына өз таңдауы арқылы мемлекет дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Сондықтан алдағы сайлау әрбір сайлаушы үшін жауапты таңдау ғана емес, ел ертеңіне деген сенімнің айқын көрінісі болмақ. Қазақ халқының тарихында құрылтай ұғымының алар орны ерекше. Ежелгі дәуірлерде ел тағдырына қатысты маңызды мәселелер дәл осындай алқалы жиындарда талқыланып, мемлекет мүддесіне сай ортақ шешімдер қабылданған. Бүгінгі Құрылтай да сол тарихи сабақтастықтың заңды жалғасы ретінде қалыптасып, қоғамның түрлі көзқарастары мен ұсыныстарын тоғыстыратын өкілді институтқа айналып отыр. Құрылтайдың басты мақсаты - азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, қоғамдық пікірді ескеру және елдің тұрақты дамуына ықпал ету.

Сондықтан бұл сайлау тек депутаттарды таңдау ғана емес, халықтың еркін білдіретін маңызды демократиялық үдеріс. Қазақстан Республикасы Құрылтайының құрамына 145 депутат сайланады. Олар пропорционалды сайлау жүйесі бойынша саяси партиялардың партиялық тізімдері арқылы сайланбақ. Яғни сайлаушылар нақты кандидатқа емес, өздері қолдайтын саяси партияға дауыс береді. Партиялар алған дауыс санына қарай депутаттық мандаттарға ие болады. Бұл жүйе азаматтардың саяси таңдауын әділ көрсетуге және қоғамдағы түрлі көзқарастардың өкілдік алуына мүмкіндік береді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Құрылтай депутаты бо лып Қазақстан Республикасының азаматы, сайлау күніне қарай жиырма бес жасқа толған, соңғы он жыл бойы Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын әрі заң талап тарына сәйкес келетін азамат сайлана алады. Ал кандидаттарды заңда белгіленген тәртіппен саяси партиялар ұсынады. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде сайлауды ұйымдастыру жұмыстары белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілуде. Тасқала аудандық аумақтық сайлау комиссиясы да алдағы саяси науқанның әр кезеңінің заңдылық, ашықтық, жариялылық және әділдік қағидаттарына сай өтуін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Дәлірек айтсақ, сайлаушыларды ақпараттандыру мақсатында аудан аумағында ақпараттық баннерлер орналастырылды.

Сонымен қатар сайлау науқанына қатысты материалдар аудан әкімдігінің интернет-ресурсында, аудандық «Екпін» газетінде және Тасқала аудандық аумақтық сайлау комиссиясының Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында тұрақты түрде жариялануда. Сайлаушылардың дауыс беру құқығын толық қамтамасыз ету мақсатында сайлаушылардың тізімдерін жасау және нақтылау жұмыстары да ерекше маңызға ие. Оған, дауыс беретін күнге дейін он сегiзге толған, кез-келген сайлау құқығына ие және тұрғылықты жері бойынша тиісті сайлау учаскелерінің аумағында тіркелген Қазақстан Республикасының азаматтары енгізіледі. Уақытша тіркелген азаматтар сайлаушылар тізімдеріне жергілікті атқа рушы органға берген өтініші негізінде дауыс беру күніне дейін отыз күннен кешіктірмей немесе 2026 жылғы 23 шілдеге дейін енгізіледі. Тасқала ауданында Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізу үшін 22 учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс істейді. 2026 жылғы 2 тамыздан бастап учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмысына кіріседі. Осы күннен бастап сайлаушылар өздерінің сайлау учаскесін нақтылап, ал, 7 тамыздан бастап сайлаушылар тізімінен өздерін тексере алады, сондай-ақ сайлауға қатысты барлық мәселелер бойынша учаскелік сайлау комиссияларына жүгіне алады.

Дауыс беру күні өзінің тіркелген сайлау учаскесінде бола алмайтын сайлаушылар есептен шығару куәлігін алуға құқылы. Есептен шығару куәлігі сайлаушының жеке өтініші негізінде өзі тіркелген учаскелік сайлау комиссиясында беріледі. Ол үшін жеке басын куәландыратын құжатты көрсету қажет. Есептен шығару куәлігі сайлаушыға Қазақстан Республикасының аумағындағы өзі болатын жердегі сайлау учаскесінде дауыс беруге мүмкіндік береді. Ал, комиссияның басты міндеті - сайлау процесіне қатысушылардың құқықтарын сақтау, азаматтарды толық әрі уақытылы ақпараттандыру және сайлауды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу. Әділ әрі ашық сайлау -демократиялық қоғамның басты құндылықтарының бірі. Сондықтан сайлау науқанының барлық кезеңі заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Сайлауға қатысу - әр азаматтың Конституциямен берілген құқығы ғана емес, ел алдындағы азаматтық жауапкершілігі.

Әрбір дауыс мемлекетіміздің даму бағытын айқындайтын маңызды шешімдердің қабылдануына ықпал етеді. Азаматтардың белсенділігі - қоғамның саяси мәдениетінің, мемлекетке деген сенімінің және ел болашағына деген жанашырлығының нақты көрінісі. Бүгінгі таңда Қазақстанның болашағы әрқайсымыздың жауапты таңдауымызға байланысты. Елдің тұрақты дамуы, қоғамның бірлігі мен мемлекетіміздің өркендеуі - баршамызға ортақ мақсат. Осыған орай, Тасқала аудандық аумақтық сайлау комиссиясы аудан тұрғындарын 2026 жылғы 23 тамызда өтетін  Қазақстан Республикасы  Құрылтайы депутаттарының сайлауына белсенді қатысуға шақырады. Өйткені әрбір дауыс - елдің ертеңіне қосылған үлес. Ал саналы таңдау - жарқын болашақтың берік негізі.

 

Динара Баишева,

Тасқала ауданының аумақтық сайлау комиссия төрағасы,

 Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале