16.07.2026, 17:15
Оқылды: 33

Казталов ауданында бақша дақылдарын өсіру тәжірибесі басталды

Казталовтық Нұрлыбай Жолдыбайұлы жетекшілік ететін «Дархан» шаруа қожалығы дәстүрлі мал шаруашылығымен қатар, аудан үшін тың саналатын бақша дақылдарын өсіру ісі қолға алынған. Биыл алқапқа қарбыз және мал азығына арналған жүгері егілді.

WhatsApp Image 2026-07-16 at 16.47.39

Нұрлыбай Жолдыбайұлы бұл бастаманың басты мақсаты жергілікті халыққа сапалы өнім ұсынумен қатар, мал азығының қорын еселеп арттыру екенін айтты. Оның пікірінше, жүгері өсіру арқылы малды құнарлы азықпен қамтамасыз етіп, қыстағы шығынды азайтуға болады. Ал қарбыз өсіру ауыл жастарына жаңа кәсіптің қыр-сырын үйретіп, ауылда табыс табудың жаңа мүмкіндігін көрсетуге бағытталған тәжірибе.

image-16-07-26-03-25-2

— Қазіргі кезде тек дәстүрлі тәсілмен шектеліп қалуға болмайды. Ғылым мен тәжірибені ұштастырып, жердің мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет. Жүгері – мал азығын нығайтудың тиімді жолы, ал қарбыз өсіру арқылы ауыл жастарына жаңа кәсіптің мүмкіндігін көрсеткіміз келеді. Ең бастысы – тоқтап қалмай, ізденіп еңбек ету», – деді ол.

image-16-07-26-03-25

Оның пікірінше, тамшылатып суару технологиясын енгізу мен жаңа дақылдарды игеру алдағы уақытта шаруашылықтың өнімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда шаруашылықта тамшылатып суару технологиясы енгізіліп, алғашқы нәтижелер де байқала бастаған. Алдағы уақытта жүгері алқаптарын ұлғайту жоспарлануда. Бұл мал шаруашылығының тұрақты дамуына тың серпін бермек.

Асылбек Нәсіпқалиұлы, 

суреттер Шыңғысхан Қонысбаевтікі,

Казталов ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале