17.07.2026, 11:45
Оқылды: 22

Сайлаушылардың құқықтарын қамтамасыз ету – басты міндет

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 1 шілдедегі №1338 Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы ағымдағы жылдың 23 тамызға тағайындалғаны белгілі. Осыған байланысты елімізде сайлау науқаны басталып, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы сайлауды дайындау мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспарын бекітті.

WhatsApp Image 2026-07-17 at 11.26.10

Күнтізбелік жоспарға сәйкес саяси партиялардың партиялық тізімдер бойынша кандидаттарды ұсынуы, оларды тіркеу, сайлау алдындағы үгіт жүргізу, сайлаушылар тізімдерін нақтылау, сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету және дауыс беруді ұйымдастыру кезеңдері белгіленген мерзімдерде жүзеге асырылады.

Аудан бойынша 1 аумақтық, 19 учаскелік сайлау комиссиясы осы сайлауды тиісті деңгейде өткізуге жұмылдырылады. Күнтізбелік жоспарға сәйкес аумақтық, учаскелік сайлау комиссияларының құрамы, учаскелердің орналасқан орны, шекаралары туралы ақпараттар жергілікті «Ғұмар елі» газетінде жарияланып, аудан әкімдігінің ресми сайтына орналастырылды.

Аудан бойынша 8 сайлау учаскесі мәдениет үйлерінде, 4 сайлау  учаскесі кітапхана ғимаратында, 5 сайлау учаскесі білім беру ұйымдарында, 2 сайлау учаскесі медициналық пункттерде орналасқан. Ағымдағы жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты аудан орталығындағы №1 мектеп лицей ғимаратында орналасқан №138 сайлау учаскесі  уақытша аудандық мәдениет үйіне көшірілетін болды. Сайлау учаскесінің шекарасы өзгеріссіз қалады.

2026 жылдың 2 тамызында учаскелік сайлау комиссиялары өз жұмыстарын бастап, сол күні оларға сайлаушылардың тізімдері табысталатын болады. Ал 7 тамыздан бастап 5 күн ішінде азаматтар құрылған сайлау учаскелері бойынша сайлаушылар тізіміндегі өздері туралы деректермен таныса алады. Учаскелік сайлау комиссиялары дауыс беру күніне 10 күн мерзім қалғанға дейін  сайлаушыларды дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар етіп, шақыру билеттері таратылады.

Аудан бойынша мүгедектігі бар 104 сайлаушы тіркелген, Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Заңының 39-бабы, 1-1 тармағына сәйкес мүгедектігі бар сайлаушылардың дауыс беру үй- жайына кедергісіз кіріп, дауыс беруі үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Осы заңның 41 бабы, 6 тармағына сәйкес өзінің денсаулығына байланысты, отбасының сырқат мүшесін күту себебіне байланысты және шалғай учаскелерде тұратын азаматтардан дауыс беру күнгі сағат 12-00 дейін үйден келіп дауыс алу туралы өтініштер қабылданады.

Дайындық кезеңі барысында, тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында барлық ауылдық округтер орталығына 13 дана тақырыптық баннерлер ілініп, 3 түрлі аудиодыбыстық материалдар ауылдық мәдениет үйлерінің сыртындағы дыбыс күшейткіштер арқылы хабарламалар таратылуда. Сонымен қатар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен аудандық ауруханада орналасқан 2 телеэкран арқылы бейнероликтер көрсетілуде. Бұдан басқа аудан орталығы мен елді мекендердегі тұрғындар көп шоғырланатын жерлерге ақпараттық плакаттар ілінуде.

Сайлау – елдің демократиялық дамуының маңызды көрсеткіші, ал оған сапалы дайындық – әділ әрі ашық сайлаудың басты кепілі. Осы орайда ауданда атқарылып жатқан дайындық жұмыстары жауапкершілікпен және заң талаптарына толық сәйкес ұйымдастырылуда. Барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары өздеріне жүктелген міндеттерді сапалы орындауға күш салып, сайлаушылардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыратын болады. Бұл – алдағы сайлау науқанының жоғары деңгейде өтіп, азаматтардың еркін таңдау жасауының берік негізін қалайды.

Жарқын Хаирлиев,

Жәнібек ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале