18.07.2026, 12:00
Оқылды: 44

Емханаға адамдарды жалған тіркеп, 79 млн теңге жымқырғандар сотталды

Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) хабарлауынша, Астанада емханаға азаматтарды заңсыз тіркеу арқылы бюджет қаражатын қолды қылғандарға қатысты сот үкімі шықты. Мемлекетке 79 миллион теңгеден астам шығын келтірген бұл қылмысты агенттіктің елордалық департаменті әшкереледі.

жп ақша (10)

Тергеу барысында «Forte Clinic (Tumar)» жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз ақша алудың айлалы схемасын құрғаны белгілі болды. Ол мекемеге тіркелген адам санын қолдан көбейту үшін Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкерін сыбайлас қылған. Орталық маманы өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, жүйеге түскен жалған өтінімдерді еш кедергісіз мақұлдап отырған.

Осылайша, емханаға 15 мыңнан астам адам ережеге қайшы түрде жазбаша өтініш арқылы тіркелген. Тексеріс кезінде тіпті басқа өңірде тұратын тұрғындардың, шетелге көшіп кеткен азаматтардың және заңды өкілдерінің келісімінсіз кәмелетке толмаған балалардың да осы клиникаға «тіркеліп» кеткені анықталды.

Мұнымен қоса, клиника басшысы «Damu Med» жүйесіндегі дәрігерлер мен медбикелердің жеке аккаунттарын өзінің сенімді адамдарының телефон нөмірлеріне байлап, бақылауға алған. Содан кейін осы есептік жазбалар арқылы жүйеге «заңсыз тіркелген адамдарға медициналық көмек көрсетілді» деген өтірік мәліметтер енгізіп, Сақтандыру қорынан миллиондаған қаржыны жымқырып отырған.

Сот шешімімен жеке клиниканың басшысы 5 жылға, ал оған көмектескен ғылыми орталықтың қызметкері 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Мемлекетке келтірілген шығын толықтай өтелді. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале