ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, елде мүгедектігі бар балаларға үйден шықпай-ақ кешенді көмек алуға мүмкіндік беретін «QH Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы табысты жүзеге асып жатыр.

Фото: istockphoto.com
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы бірлесіп қолға алған бұл бастама қазіргі таңда Шымкент қаласында, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарында сәтті сыналуда. Жобаның аралық қорытындысы министрлік жанындағы Үйлестіру кеңесінде таныстырылды. Бағдарлама іске қосылғалы бері 628 бала үй жағдайында оңалтудан өтіп, оларға 405 инновациялық техникалық құрал берілген. Ең бастысы, қатысушылардың 75 пайызында, яғни 470 баланың дамуында айтарлықтай оң нәтиже бар. Тұрақты жаттығулардың арқасында 130 бала басын нық ұстауды, 76 бала өздігінен отыруды, 78 бала тіреуішпен тұруды үйренсе, 34 бүлдіршін алғашқы қадамын жасаған. Абай облысының тұрғыны Назым Рашитқызы бір жарым жыл ішінде ұлының аяққа тұруы жақсарып, өздігінен тамақтануға талпына бастағанын айтып, жобаның маңыздылығын атап өтті.
Бұл бағдарламаның басты артықшылығы — шалғай ауылдардағы балаларды цифрлық бақылау күнделігі арқылы қашықтан сүйемелдеу. Реабилитологтар баланың жағдайын онлайн қадағалап, үйдегі жаттығулардың нәтижесіне қарай емдік жоспарды түзетіп отырады. Алдағы уақытта бұл цифрлық платформаға ата-аналарға арналған оқу материалдары мен логопедиялық жаттығулар қосылып, олардың офлайн кездесулері ұйымдастырылмақ.
Жобаның нәтижелілігін ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылдың соңына дейін оның аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Жақын арада бұл қызмет Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында да қолжетімді болады.
Үйлестіру кеңесінің отырысын қорытындылаған Еңбек министрі Асқарбек Ертаев мемлекет, жергілікті билік және қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс істегенде ғана ерекше бала тәрбиелеп отырған әрбір отбасына, тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы көмек көрсету мүмкін болатынын атап өтті.