21.07.2026, 17:00
Оқылды: 15

«Туған өлке – тұнған тарих»

Батыс  Қазақстан  облысында тарихи-мәдени  мұраны  дәріптеу  бағытында  жастар  арасында  ерекше  мазмұнды  іс-шара  өтті. 

WhatsApp Image 2026-07-02 at 10.12.035

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының  ұйымдастыруымен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында «Туған өлке – тұнған тарих» атты ғылыми-зерттеу жобалары байқауы қорытындыланды. Бұл байқаудың басты мақсаты – жас ұрпақтың туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін оятып,
тарихы мен мәдениетін терең тануға баулу. Сонымен қатар студенттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттырып, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу көзделді.

WhatsApp Image 2026-07-02 at 10.12.04

Байқауға облыстың түкпір-түкпірінен 20 ғылыми жұмыс қабылданды. Жұмыстарды сарапқа салған құрам – тарих және филология ғылымдарының кандидаттары мен магистранттар, доценттерден құралған білікті қазылар алқасы.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, байқау нәтижесінде жүлделі бірінші орынға «Сырлы сөз бен сырлы өлке» жобасымен (жетекшілері: Бексұлтан Шалабаев, Нұргүл Дербіс) Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің студенті Гаухар Ислямқызы ие болды. Екінші орынды «Батыс Қазақстан облысының биотопонимдері» жобасын ұсынған Орал ақпараттық-технологиялар колледжінің студенті Досжан Төлеуғалиұлы (жетекшілері: Рысқаным Бақтиярова, Арна Жоламанова) мен Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің студенті Расул Болатұлы (жетекшісі: Жұлдыз Мұхамбетқалиева, «Батыс Қазақстан облысындағы ұмыт қалған әйелдер есімдері берілген көшелер») иеленді. Ал үшінші орын – үш студентке бұйырды.
Олардың қатарында Жанна Амангелді, Радмила Рашит (Орал гуманитарлық-техникалық колледжі) – (жетекшісі: Сәуле Хасенова,   «Сыбаға көшесінің өткені мен бүгіні»), Айнат Дайнова (Құрманғазы атындағы саз колледжі) – «Бесотар ауылы – туған өлкенің ұмыт қалған тарихы» жобасы (жетекшісі: Эльмира Сүлейменова), Әділхан Қайыргелді «Олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі) – «Орал қаласы мен Желаев кенттік округі аумағындағы көше атауларының тарихи-ономастикалық талдауы»  (жетекшісі: Лунара  Демеуова) бар.

WhatsApp Image 2026-07-02 at 10.12.03

Жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, жетекшілеріне алғысхаттар тапсырылды.

Мұндай мазмұнды іс-шаралар жастардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, олардың ізденісін, зерттеуге деген қызығушылығын дамытады. Болашақта мұндай байқаулар дәстүрлі түрде жалғасын тауып, жаңа есімдер мен тың зерттеулерге жол  ашатынына сенім  мол.

Алтынбек Ермекқалиев,

облыстық  мәдениет, тілдерді  дамыту  және архив ісі  басқармасының  бас маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале