Баршамызға мәлім, биылғы жылдың 15 наурыз күні өткен республикалық референдумда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Конституцияға енгізілген өзгерістер еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде жаңа кезеңнің басталуына негіз қалайды.

Конституциялық реформа аясында 1 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен тағайындалған Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны басталды. Сол күні Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының (ҚР ОСК) алғашқы отырысы өткізіліп, негізгі электоралдық іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді. Сайлау комиссияларының басты міндеті болып ұйымдастырушылық іс-шаралардың ауқымды кешенін тиімді әрі уақтылы іске асыру болып табылады. Өйткені олардың орындалуы жалпы сайлау үдерісінің сапасына тікелей әсер етеді. Осыған орай аумақтық сайлау комиссиялары да 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу жұмыстарын күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізуде.
Казталов ауданының аумақтық сайлау комиссиясының (АСК) құрамы 7 мүшеден, 35 учаскелік сайлау комиссиясының құрамы 209 мүшеден тұрады. Жалпы аудан бойынша сайлауды әзірлеу мен өткізу барысында 36 комиссия бойынша 216 мүше қызмет атқарады. Бүгінгі күнге аудан әкімдігінің сайтында және аудандық «Ауыл айнасы» газетінің 2026 жылғы 7 шілдедегі №28 санында аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары мен орындары, сайлау учаскелері шекаралары туралы ақпараттардың орналастырылуы қамтамасыз жасалды. Сонымен қатар, таяу күндері сайлау заңнамалары бойынша учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинарларын Казталов және Жалпақтал ауылдарында ұйымдастыру жоспарлануда.
Жергілікті атқарушы орган сайлаушылар тiзiмдерiн учаскелік сайлау комиссияларына (УСК) дауыс берудің басталуына 20 күн қалғанда, яғни 2026 жылғы 2 тамыздан кешіктірмей акт бойынша ұсынады. Сайлау учаскелері өз жұмыстарын 3 тамыздан бастайды, олар өз кезегінде 7 тамыздан бастап сайлаушылар тізіміне енген азаматтардың өз деректерімен танысуды ұсына алады. Сонымен қатар, 12 тамызға дейін сайлаушыларды дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар етулері тиіс.
Сайлаушы өзінің болатын жерін ауыстырған кезде 7 тамыздан бастап өз өтініші бойынша және жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін ала алады. Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру күнінен бір күн бұрын, яғни 2026 жылғы 22 тамызда жергілікті уақыт бойынша 18:00-де тоқтатылады. Есептен шығару куәлігін сенімхат бойынша алуға рұқсат етіледі, сенімхатты нотариатта куәландыру талап етілмейді. Есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда, ол қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы берілмейді. Уақытша болатын жері бойынша сайлау учаскесінде дауыс беру кезінде сайлау комиссиясы сайлау күні сайлаушыны жеке басын куәландыратын құжаттың негізінде сайлаушылар тізіміне енгізіп, есептен шығару куәлігінің орнына дауыс беруге арналған бюллетень береді.
Сайлаушылардың деректері және дауыс беру учаскелері туралы, сондай-ақ басқа да мәліметтерді нақтылау үшін аудан бойынша 87114431679, 87471148968 телефон нөмірлері бойынша жедел желі орталығы жұмыс істейтін болады. Аудан тұрғындары тарапынан сұрақтар туындаған жағдайда, сағат 09:00-ден – 18:30-ға дейін хабарласуға болады.
Қазіргі уақытта мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету мәселесі ҚР ОСК басты назарында. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 39-бабының 1-1-тармағымен дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау кезінде мүгедектігі бар азаматтар болып табылатын сайлаушылардың кедергісіз кіруі және онда дауыс беруі үшін тиісті жағдайлардың қамтамасыз етілу қажеттілігі айқындалған. Бүгінгі күнге аудан бойынша 15 нысан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз кіруі үшін қолжетімді болса, 20 сайлау учаскесі ішінара жабдықталып, толықтай қамтылуын қамтамасыз етудің шаралары алынуда.
Сайлау – елдің даму бағытын айқындайтын маңызды саяси үдеріс. Әрбір берілген дауыс тек сайлау нәтижесіне ғана емес, елдің болашағына ықпал ететін маңызды шешім. Сондықтан сайлауға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің және қоғам өміріне белсенді араласудың айқын көрінісі. Осы ретте аудан тұрғындары алдағы саяси науқанға белсене атсалысады деп сенеміз.
Ж.Темірғалиев,
Казталов ауданының аумақтық
сайлау комиссиясының төрағасы