23.07.2026, 15:30
Оқылды: 14

Тазалық пен тәртіп ортақ жауапкершілік

Ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы мен «Заң мен тәртіп» қағидаты ауыл-аймақтардың келбетін жақсартып, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Осы орайда Ардақ ауылдық округінде ауыл тазалығын сақтау, абаттандыру жұмыстарын жүйелеу және тұрғындардың құқықтық мәдениетін нығайту мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды.

image-23-07-26-02-10

Округ аумағында санитарлық тазалықтың сақталуына мониторинг жүргізу үшін арнайы топ құрылып, оның құрамына Шыңғырлау ауданының қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы,полиция капитаны Мадияр Айтмұхамбетов пен ауылдың белсенді тұрғындары енді. Мониторинг барысында көшелердің, қоғамдық орындардың және тұрғын үйлердің маңайындағы санитарлық жағдайға назар аударылып, анықталған кемшіліктер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Аралау жұмыстары аяқталғаннан кейін ауыл тұрғындары мен қоғамдық ұйым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Басқосуда қоршаған ортаны таза ұстау, заң талаптарын сақтау және әр азаматтың қоғамдық жауапкершілігі жөнінде кеңінен сөз болды.

Жиында Ардақ ауылдық округінің әкімі Мәди Сатыбалдиев ауыл тазалығының қоғам мәдениетінің айқын көрсеткіші екенін атап өтті.

Сонымен қатар учаскелік полиция қызметкері М. Айтмұхамбетов қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген жерлерге төкпеу және қоршаған ортаны ластауға жол бермеу жөніндегі заң талаптарын түсіндірді. Ол әрбір тұрғынның заң талаптарын орындауы ауылдағы қоғамдық тәртіп пен тазалықтың сақталуына тікелей ықпал ететінін атап өтті.

Кездесу соңында тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, ауылдың санитарлық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға белсенді қатысуға дайын екендерін жеткізді.

Тазалық – мәдениеттің көрінісі, ал тәртіп – өркениетті қоғамның басты белгісі. Сондықтан туған ауылдың көркеюі мен тазалығы әр тұрғынның жанашырлығы мен жауапкершілігіне байланысты екені тағы бір мәрте айқындалды.

 

М.Сәдір

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале