Қазақстанда ұялы телефондарды тіркеу мен сатуға қатысты жаңа талаптар енгізілмек. Енді верификациядан өтпеген құрылғыларды сатуға тыйым салынып, сатып алушылардың құқықтары кеңейтіледі. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сурет: istockphoto.com
Жаңа талаптарға сәйкес, ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары Қазақстанның ұялы байланыс желілерінде заңды түрде пайдаланылуы үшін міндетті түрде верификациядан өтуі тиіс. Тексеру барысында құрылғының халықаралық IMEI деректері GSMA халықаралық базасымен салыстырылады, сондай-ақ оның Қазақстанда өндірілгені немесе елге заңды түрде әкелінгені анықталады.
2026 жылғы 19 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекоммуникациялар нарығын дамытуға бағытталған заңға қол қойған болатын. Құжат байланыс саласындағы заңнаманы жетілдірумен қатар, интернет және телефон алаяқтығына қарсы күресті күшейтуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Верификациядан өтпеген телефон сатып алсаңыз не істеуге болады?
Жаңа заңға сәйкес, верификациядан өтпеген ұялы телефондар енді тиісті емес сападағы тауар ретінде танылады.
Мұндай жағдайда сатып алушы:
Алайда бұл талаптарды тұтынушы тек сатушыға қоя алады.
Сатушыларға қандай міндет жүктеледі?
Енді сатушы телефонды сату кезінде сатып алушыға құрылғының верификация мәртебесін тексеруге мүмкіндік беретін сәйкестендіру кодын (IMEI) ұсынуға міндетті.
Сонымен қатар сатушы телефонды сатпас бұрын оның сәйкестендіру коды бойынша қандай да бір шектеу немесе бұғаттау бар-жоғын арнайы дерекқор арқылы тексеруі тиіс.
Бұл талаптар интернет-дүкендер мен маркетплейстерге де қатысты. Электронды сауда алаңдары сатушылардан құрылғының верификациясын алдын ала тексеруді талап етуге міндетті болады.
Чекте IMEI көрсетіледі
Жаңа талаптарға сәйкес, телефон сатылған кезде берілетін кассалық чек немесе сатып алуды растайтын өзге де құжатта құрылғының сәйкестендіру коды (IMEI) міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
Заң қашан күшіне енеді?
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң 2026 жылғы 20 маусымда ресми жарияланды. Құжат ресми жарияланған күннен кейін 60 күн өткен соң, яғни 2026 жылғы 19 тамыздан бастап күшіне енеді.