«Жасыл ел» жасағы – еліміздің жастарын еңбекке баулуға және олардың патриоттық рухтарын көтеруге арналған республикалық бағдарлама. Аталған бағдарлама еліміздің әр өңірінде, аудан, ауыл аймағында 2005 жылдан бері жүзеге асып келеді. Жасақ сарбаздары тұрып жатқан өлкеміздің абаттандырылуына және көгалдануына өз үлесін қосып келе жатыр.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасағының мақсаты оқушылар, студенттер мен жастарды жазғы үш ай демалыс уақытында еңбекпен қамтамасыз ету. Аталған жасақ көптеген жастардың алғашқы еңбек мектебіне айналды десек те болады. Осы жылдар ішінде аталмыш бағдарлама елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында жастардың басын біріктірген бірден-бір жоба.
Аталған бағдарламаға 16 мен 35 жас аралығындағы жоғарғы сынып оқушылары, студенттер және жұмыссыз жастар қатыса алады. Ауданымыз бойынша биыл 118 квота бөлінген. Сарбаздар еңбекақыларын «БҚО Бөрлі ауданы Ақсай қаласы әкімінің аппараты» және ауылдық округ әкімі аппараты есебінен алады. Биыл сарбаздардың жалақысы 85 000 теңге көлемін құрайды. Әрбір сарбазға зейнетақылық аударым жүреді.
Биыл «Жасыл ел» жасағы ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап өз жұмысын бастады. Маусым айында жасақта 23 сарбаз қызмет атқарған. Ал шілде айында жасақ қатарына 45 адам қабылданған. Жұмыс уақыты 5 күн, таңертеңгі 09.00-ден кешкі 17.00-ге дейін. Ал түскі үзіліс уақыты 12.30-дан 14.30-ға дейін екен.
- Біздер сарбаздарға күнделікті жинайтын жерлерді айтып, бөліп беріп отырамыз. Және де әкімдік тарапынан да біздерге тапсырмалар беріледі. Сонымен қатар біздерде ауылдарда да сарбаздар бар. Атап айтсақ, олар Бумакөл, Приурал, Пугачев ауылдарында жұмыс жасайды. Біздер 16-ға толған оқушылар мен студенттерді, жұмыссыз отырған жастарды жұмысқа қабылдаймыз. Олар тек 1 ай жұмыс жасай алады. Келесі айға біз көпбалалы отбасыдан шыққан, аз қамтылған балаларды немесе белсенді жастардың қатарынан 1-2 сарбаздан алып қаламыз. Ауылдарда жұмыс істейтін жасақ сарбаздары сол ауылдың тұрғындарынан құралған. Ауылдарда 10 шақты сарбаздан жұмыс істейді, - дейді аудандық Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының әдіскері Алтынзер Серикова.

Жыл сайын барлық сарбаздар толықтай арнайы киімдермен қамтылады. Киім жағына келсек, оларға бас киім, футболка, арнайы жұмыс киімі түгелдей беріледі және олардың өздерінде қалады. Сонымен қатар сарбаздарға қолғаптар, қоқыс пакеттері, тырнауыш және тағы басқалар да беріледі.
- Мен өзім 2023 жылы «Жасыл ел» жасағының қатарында болдым. Студент болғандықтан жазғы демалыс уақытында жұмыс жасадым. Біздер де шөп жұлып, қоқыстарды жинап, абаттандыру жұмыстарын атқардық. Бізге де орталықтың мамандары қызықты шаралар өткізетін еді. Сол кезде орталық басшысы Толқын Абайқызына «болашақта мен осы ресурс орталығына жұмысқа тұрғым келеді» деп айтқан едім. Оқуыммен қатар Оралдағы жастар ресурстық орталығында 4 жыл волонтер болдым. Оқуымды бітіргеннен кейін мені осында жұмысқа алды. «Жасыл елде» жұмыс жасағанның көптеген жақсы жағы да бар. Атап айтсақ, жаңадан достар тауып, орта табасың, көптеген шараларға қатысасың. «Жасыл елдің» құрамындағы белсенді сарбаздарды алдағы уақытта волонтер ретінде алып қалу мақсатында өзімізге тартып жатырмыз, - дейді аудандық Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының әдіскері Алтынзер Айболатқызы.

Осы уақытқа дейін жасақ сарбаздары қаламыздың 10-шағынауданын, аллеялар, «Наурыз» саябағы, №3 және №4 мектептердің айналасын, Аралтал шағынауданын, Батыс көшесін, көпірдің арғы және бергі бетін, теміржол вокзалы аумағын қоқыстан тазартып, аббаттандыру жұмыстарын жасаған. Қазіргі уақытта жасақ 5 топқа бөлінген. Әр топқа күнделікті белгілі бір аумақ бөлініп беріледі.
- Маған «Жасыл елде» жұмыс істеген ұнайды. Біз күнделікті берілген аумақтарды тазалап, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын атқарамыз. Ұжымымыз ұйымшыл, әрі көңілді. Бос уақытымызда спортпен шұғылданып, әңгімелесіп, түрлі іс-шараларға қатысамыз. Бұл жоба бізге еңбекқорлықты, жауапкершілікті және достықты үйретеді. Биыл «Жасыл елде» бірінші рет жұмыс жасаудамын. Менің жасым 16-да. Ақсай қаласының №5 ЖОББМ-де оқимын, - дейді «Жасыл елдің» сарбазы Жансая Давлетьярова.
Сонымен қатар аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық мамандары сарбаздардың бос уақыттарын көңілді өткізу және жастарды ынталандыру мақсатында неше түрлі шараларды да ұйымдастырып тұрады екен. Атап айтсақ, жастар қаламыздағы «Наурыз» саябағында гитарамен өлең айтып, спорттық шаралар, тренинг және жарыстарға қатысады.
- Біріншіден «Жасыл елде» жұмыс айтарлықтай қиын емес. Біздер қаламыздың тазаруына өз үлесімізді қосудамыз. Күнделікті қоқыстарды жинап, гүлдердің арасындағы арамшөптерді жұламыз. Жұмыстан тыс уақытта спортпен айналысамыз. Мен жасақ қатарында екінші рет жұмыс жасаудамын. Осыған дейін 2024 жылы «Жасыл елә сарбазы болған едім. Мен 2-курс студентімін, Алматы қаласында оқимын. Жазғы демалыста жаңа орта тауып, өзім қатарлы жастармен бірге еңбек етуді шештім, - дейді жасақ сарбазы Алиби Умидияров.

Жыл сайын «Жасыл ел» жастары қоғамдық орындардың таза тұруына, қоршаған ортаның көркеюіне өз үлестерін қосуда. Жылдан-жылға жалпыұлттық бастамаға қосылып жатырған жастардың қатары да артып келеді. Бағдарлама ауданымыздағы экологиялық және жұмыссыздық мәселелерін шешуге көмектесіп отырған бірден-бір жоба екені айтпаса да белгілі. Жас сарбаздар болашақта еліміздің бетке ұстар жауапты азаматтары болатынына сеніміміз мол.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы