ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің хабарлауынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің 10 облысында коммуналдық гидротехникалық құрылысжайларды пайдалану мен басқаруға маманданған ұйымдар құрылды.

Фото: gov.kz
Жаңа мекемелер Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарында ашылып, нәтижесінде еліміздегі мұндай мамандандырылған ұйымдардың жалпы саны 16-ға жетті.
Қазіргі уақытта бұл ұйымдарда 1337 адам еңбек етуде, бұл бекітілген штат санының 93 пайызын құрайды. Сонымен бірге аталған мекемелердің теңгеріміне 822 гидротехникалық нысан берілді.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бұл мамандар коммуналдық гидротехникалық нысандардың тиісті деңгейде күтіп-ұсталуы мен қауіпсіз пайдаланылуын күнделікті қамтамасыз етіп отыр. Бір жыл ішінде бұл ұйымдардағы қызметкерлер саны 405 адамға артып, бұрынғы 932 көрсеткішінен айтарлықтай өскен.