27.07.2026, 11:15
Оқылды: 10

Асфальтқа зәру Атамекен

Орал қаласы Круглоозерный кенті Атамекен шағын-ауданындағы Қабанбай батыр, Шалкиіз жырау, Құлагер, Бақыт көшелерінің тұрғындары жол мәселесі өте өзекті екенін баяндап, біздің редакциямызға ұжымдық өтінішхат жолдады.

WhatsApp Image 2026-07-22 at 18.02.38

Хатта аталған көшелердің жолдары осы күнге дейін мүлде асфальтталмағаны жазылған. Тұрғындардың пікіріне сүйенсек, көктемде еріген қар суы мен күзгі жауын-шашын салдарынан көше жолы ми батпаққа айналып, соның салдарынан балалардың мектепке, азаматтардың жұмыс орнына қатынауы қиынға соғады. Тіпті жер лайсаң тартқан күндері  «Жедел жәрдем» қызметі мекенжайларға уақтылы жете алмай, тұрғындар өз көліктерімен де аталған аумаққа кіріп-шыға алмайтын кездер болған. Бұл мәселе бойынша тұрғындар бұған дейін Круглоозерный кентінің әкімдігіне бірнеше рет өтініш жолдаған. Ал жергілікті әкімдік «Бюджеттен қаржы бөлінбеген» деген сипатта жауап қайтарған.

Гүлнұр Алғазы

Біз алдымен осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Круглоозерный кентіне арнайы барып, өтінішхат иелеріне жолықтық. Шалкиіз жырау көшесінің тұрғыны Гүлнұр Алғазы (суретте) аталмыш кентте 2010 жылдан бері тұрады.  Осы күнге дейін Круглоозерный әкімдігіне жол мәселесі жөнінде қанша шағымданса да, оның шешімі қаржыға келіп тірелетін көрінеді. Кент әкімдігі көбінесе облыс немесе қала әкімдерінің құзырындағы шаруа екенін алға тартады екен.

–  Атамекен шағынауданы кент аумағының жартысына жуығын қамтиды. Шағынаудандағы көшелердің жолдарын асфальттау аса өзекті болып тұр. Себебі мұнда мектеп жасындағы балалары бар отбасылар, қаладағы жұмыс орнына қатынайтын тұрғындар шоғырланған. Бүгінде көше жолдары көктем және күз мезгілдеріндегі басты мәселемізге айналды. Мектеп пен шағынаудан арасындағы қашықтық шамамен 2-3 шақырымды құрайды. Күн жауын-шашын болып, жер лайсаңға айналып, жүруге жарамсыз күйге жетсе, балаларымызды мектепке жібермейміз. Оларды көлікпен тасымалдау да мүмкін болмайды. Мектеп мұғалімдеріне хабарласып, баламыздың сабаққа бармайтыны жөнінде айтып қоямыз. Жол мәселесі салдарынан оқушылар сабақтан қалуға мәжбүр. Сондай-ақ ересектер де жұмысына жете алмай жатады. Мен өзім Оралдағы мекемеде еңбек етемін. Жол жүруге жарамсыз болғанда қала орталығы мен кент арасында жүретін №51 аутобосқа мінемін. Оның өзі кенттегі орталық көшелермен жүреді. Аутобос аялдамасы біз тұратын шағынауданнан қашық. Атамекен шағынауданы бойынша ілгеріде Бөгенбай батыр көшесіне асфальт төселді. Біз тұратын аумаққа іргелес болғандықтан, біздің көшелерге де асфальт төселеді деп үміттенген едік. Бірақ биыл да жол машақатынан арылмайтын секілдіміз, – деді тұрғын Г. Алғазы.

Аманкелді Меңдіқалиев

Аталмыш кенттегі Қабанбай батыр көшесінің тұрғыны Аманкелді Меңдіқалиев те (суретте) жолдың әбден әбігерге салғанын айтады. Ол мұндағы тұрғындардың қалаға қатынау үшін күн сайын таксимен жүруге мүмкіндігі бола бермейтінін айтты. Ал егде жастағы азаматтарға алыс аялдамаға тоқтайтын аутобосқа бару қиынға соғатынын жеткізді. «Егер көшемізге асфальт төселсе, аялдама орнатылып, аутобос маршруты біздің шағынауданға да жетер еді. Сонда үлкендеріміздің де қатынауы жеңілдеп, қатты қуанар еді», – дейді тұрғын.

– Мұнда анам тұрады. Осыдан екі жыл бұрын жердің лайсаң кезінде анам абайсызда жамбасын ауыртып алған. Өзімнің көлігім мұндай балшықта жүре алмады. Әйтеуір көршілерден көмек сұрап, «Нива» ныспылы көлікпен анамды ауруханаға жеткіздік. Алдағы күндерде де осындай жағдайлардың болмасына кім кепіл? Бұл  көшелерде де егде жастағы аға-апаларымыз, аяғы ауыр әйелдер тұрады ғой.

Кент әкімдігі 1-2 жыл ілгеріде құм аралас шебен төсеген еді. Қиыршықтас бүгіндері топыраққа сіңіп кетті. Оған қоса, былтыр жол жиегіне арық саламыз деп қазып, оны аяқсыз қалдырды. Қазір осы қазылған арықтар іші тазаланбай, қоқыс пен арамшөпке толып кетті. Көктемде көшеміз көл болатыны жасырын емес. Әсіресе, бұл мәселе Бақыт көшесінде ушыға түседі. Резеңке етікпен жүргеннің өзінде аяғымызға су кіреді. Есімде, шағынауданға қарасты көшелердің жолдарына асфальт төсеу өтінішін осыдан тоғыз жыл бұрын көтердік. Әкімдікке арызымызды жазып, көршілер болып қол қойдық.  Өкініштісі, мұң-мұқтажымыз әлі күнге қанағаттандырылмай келеді, – деді А. Меңдіқалиев.

Гүлнәр Ысқақова

Кент тұрғыны Гүлнәр Ысқақова (суретте) Шалкиіз жырау көшесіне 2013 жылы көшіп келген. Содан бері жол тауқыметін тартып келеді. Оның айтуынша, жер  лайсаң болған күндері «Жедел жәрдем» шақырғанда қызметтік көлік асфальтқа дейін келіп тоқтайды екен. Ал науқастанып қалған тұрғын асфальт жолға дейін жаяу жетуге мәжбүр. Сонымен қатар мұндай күндері балалардың мектепке жетуі де бір мәселе екен. Гүлнәр Ысқақова 2007 жылы туған кіші баласы 5-сыныпқа келгенде оны қаладағы мектепке оқуға ауыстырған. «Егер көше жолы бұдан ілгері жылдарда асфальтталғанда, балам Круглоозерный орта мектебінде қалып, биыл бітіруші еді» дейді тұрғын.

Зейнолла Тәжібаев

Содан кейін Қабанбай батыр көшесін тұрғындармен бірге аралап көрдік. Біз барған күні екі-үш күн бұрын жаңбыр жауған. Көшенің әр тұсына жаңбыр суы жиналған: адамға да, көлікке де жүруге қолайсыз. Байқағанымыздай, көшенің қос қапталында қаумалап арамшөп өсіп жатыр. Оның үстіне аяқталмай қалған арық ізі көшенің көркін бұзып тұр. Қазылған жерлер қадағалаусыз қалып, оның ішінде арамшөп өсіп кеткен, топырақ пен қоқысқа толы.  Қабанбай батыр көшесі, А6 мекенжайына жете бергенімізде, көзге оғаш көрінетін нәрсені аңғардық. Сол мекенжайдағы үйдің шарбағының қақ алдында арық жасауға арналған бетон көлденең жатыр. Оған қоса шарбақ алдын жағалай қазылған жер көмусіз қалған. Үй иесі өзі амалдап, қазылған жерге екі жалпақ ағашпен адам өтетін өткел жасап қойыпты.  Бұл баспанада зейнет жасындағы азамат Зейнолла Тәжібаев (суретте) тұрады екен. Тұрғынмен тілдескенде базынасын айтып, тым болмаса осы мәселенің шешілуіне мұрындық болуымызды сұрады.

– Бұл үйді салып, тұрып жатқанымызға он жылдың шамасы болды. Бұдан екі-үш жыл бұрын көшемізге арық салып бастаған еді. Сол кезде қатты қуандық. Себебі қар мен жаңбыр суы ағып кете алмай, көшеміз көлшікке айналатын. Естуімше, арық орнатып жатқан мекеме әкімдіктегілермен келісе алмай, бастаған жұмысын аяқсыз қалдырыпты. Менің үйімнің шарбағының қақ алдын қазып, арық бетонын тастап кетіпті. Басында бетонды жылжытпақ болған едік. Алайда оны сындырып алып, кейін айыппұл арқалаймыз ба деп қорықтық. Өздеріңіз көргендей қазылған арықтың іші қоқысқа толып кетті. Көшемізде арамшөп қаумалап өсіп тұр. Осы күндері кентті тазалап жүретін биржа қызметкерлерін көшемізден кездестірмейтін болдық. Егер көшеміз асфальтталса, осы азып-тозудан арылар ма едік, – деді қария.

Бөлім басшысы Ерхат Бекмолдин

Тұрғындар мәселесін тыңдаған соң, кент әкімдігіне бардық. Онда Круглоозерный кенті әкімі аппараты абаттандыру бөлімінің басшысы Ерхат Бекмолдинмен (суретте) сұхбаттастық. Бөлім басшысына тұрғындар айтқан бар мәселені жеткіздік. Оның сөзінше, Атамекен шағынауданының тұрғындары көше жолдарын асфальттау мәселесі бойынша әкімдікке бірнеше мәрте келген. Оларды кент әкімі қабылдап, жиналыс ұйымдастырып, бүгінде барлық мәселе қаржыға тіреліп тұрғанын баса айтқан.

– Қазіргі таңда Круглоозерный кентінде 5700-ге жуық тұрғын бар. Олардың шамамен үш мыңы Атамекен шағынауданында қоныстанған. Кент әкімдігі тұрғындардың өтініштерін жерде қалдырмайды. 2024 жылы Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен бірлесіп, Атамекен шағынауданындағы көшелерге асфальт төсеу жобасы әзірленді. Аталмыш ЖСҚ былтыр сараптамадан оң нәтиже алып, мақұлданды. Сметалық құжат үш жылға дейін жарамды. Жоба аясында шағынауданда жалпы ұзындығы 10-нан аса шақырымды құрайтын 16 көшеге асфальт төселеді. Егер осы ЖСҚ-ға бюджеттен қаражат бөлініп, жоба іске асса, шағынаудан толық асфальтталады. Қажетті қаржы – 2 млрд 109 млн
теңге. ЖСҚ-ның аяқталу мер-зіміне дейін қаражат бөлінеді деген үміттеміз. Оған дейін жобаны өз қаражаты есебінен бастап кететін мердігерді іздеудеміз. Жобаның көлемі үлкен, қаржысы да қомақты. Алдағы жылдары қаражат бөлінсе, көшелерді асфальттау жұмысы 2-3 жыл созылуы мүмкін. Осы күнге дейін шағынаудандағы Бөгенбай батыр, Шағала, Алматы көшелеріне асфальт төселді. Атамекен шағынауданы толық асфальтталмақ. Осыған дейін кей тұрғындар «Көшемізге шебен төсеп беріңіздерші» деген өтініш айтып келді. 2022 жылы бірнеше көшеге қатты жабын төселген еді. Алайда қыста техникамен қар қырғанда, көктемде су жүргенде, сондай-ақ табиғи құбылыстар салдарынан төселген қатты қабат бүгінде топыраққа біртіндеп отырып барады. Егер қазіргі кезде көшелерге шебен төсесек, кейін ЖСҚ-ға қаржы бөлінген жағдайда оны қайтадан қырып алу керек болады. Ал бұл басы артық шығын.

Қабанбай батыр көшесі

2023 жылы «SK BASI» деп аталатын ЖШС Қабанбай батыр көшесінің жиегіне арық орната бастаған. Дегенмен мердігер жұмысына салғырт қарап, жобаны сапасыз орындап, уақытын кешіктірді. Сөйтіп, біз оларды сотқа беріп, екі бірдей сот үдерісінде жеңіп шықтық. Жобаға бөлінген қаржы бюджетке қайта аударылды. Алда осы аяқсыз қалған арық орнату жұмысы жалғасады. Ал Зейнолла ағайдың шарбағының алдында тұрған бетон келер күндерде арық ішіне орнатылып, тұрғын мәселесі шешіледі. Осыған дейін азамат бұл жөнінде кент әкімдігіне шағымданған жоқ, – деді бөлім басшысы
Е. Бекмолдин.

Бүгінде «Мақсотов» ЖК кенттің ішкі көшелерінде тазалық жұмысын жүргізіп жатыр. Оған қоса, мансап орталығының қызметкерлері (биржа) кәсіпкерлік жұмысшыларымен бірге жұмыс істеуде. Бөлім басшысы Ерхат Мұратқалиұлы соңғы кезде жауын-шашынның жиі жаууына байланысты шөптің қаулап өсіп кеткенін айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта Қабанбай батыр көшесіне тазарту жүргізілетінін жеткізді.

Таяуда Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевпен жүздесіп, Атамекен шағынауданы тұрғындарының сауалын жеткіздік. Жандос Асхатұлы кенттегі көше жолдарына қатысты мәселеден хабардар екенін айтты. Атамекен шағынауданындағы 16 көшеге асфальт төсеуге арналған ЖСҚ дайын тұрғанымен, оны жүзеге асыру келер жылдардың еншісінде екен.

– Шағынаудан көшелерін асфальттау жөнінде жоба дайындау 2020 жылдан бері ойымызда жүр. Дегенмен қаламыздағы бұрын мүлде жөндеу көрмеген, сондай-ақ басым бағыттағы көшелер жоспарға алынып, асфальт жабыны төселуде. Орал қаласындағы көшелердің жалпы ұзындығы 700-ге жуық шақырымды құраса, оның 25%-ында асфальт жабыны жоқ. Осы жылы шаһардағы сегіз көшеге орташа жөндеу және қайта құру жобалары жүзеге асырылуда. Олардың ішінде Жәңгір хан, Желаев көшелерін орташа жөндеу секілді екі ірі жоба бар. Аталған қос көшенің үстіңгі қабаты қырып алынып, одан шыққан ескі асфальт қалдықтары Ескі әуежай, Екінші жұмыскер, сондай-ақ Зашаған кентіндегі шағындаудардың көшелеріне төселеді. Біз жыл сайын жол жөндеу жобалары аясында қаламыздағы әрбір шағынауданнан кемінде бір көшені қамтуға барынша тырысамыз. Биыл Сарайшық көшесі орташа жөндеуден өтті. Бұл көшемен көлік ағыны көп өтеді. Егер жөндеу жұмысын кейінге қалдыра берсек, жолдың астыңғы қабаттарына да зақым келіп, алдағы уақытта жоба қымбатқа түсуі мүмкін. Осы секілді тұрғындар көлікпен жиі қатынайтын әрі жөндеуді қажет ететін бірнеше көше бар.

Жандос Дүйсенгалиев

Атамекен шағынауданына қатысты ЖСҚ-да Ақбұлақ, Сыпыра жырау, Еңбек, Шалкиіз жырау, Қабанбай батыр, Бірлік, Бақыт, Аламан, Бақшалы, Көкпар, Ақтөр, Жастар, Желекті, Жосалы, Марғасқа, Өрнек көшелері қамтылған. Ашығын айтсақ, бұл көшелерге биыл асфальт жабыны төселмейді. Алдағы күзде мердігер ұйым анықталса, көшелерді қырып, асфальтқа дайындық жұмысын бастауымыз мүмкін. Бірақ бұл да нақты емес. Келер жылдың бюджетін нақтылау барысында Атамекен шағынауданының көшелеріне асфальт төсеу ЖСҚ-сын Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және аутомобиль жолдары бөлімі атынан ұсынып, жобаға енгізуге тырысамыз. Бұл  ЖСҚ 2028 жылдың мамыр айына дейін жарамды деп көрсетілген. Бірақ бұл сол жылдан кейін сметалық-құжаттама жарамсыз қалады деген сөз емес. Жоба аяқталар тұста, оған өзгерістер енгізіп, мерзімін ұзартуға болады, – деді Жандос Асхатұлы (суретте).

Атамекен шағынауданының тұрғындары көшелерге асфальт төселуін көп жылдан бері күтіп келеді. Бүгінде Круглоозерный кенті негізгі инфрақұрылыммен толық қамтылған. Тек көше жолдарының жай-күйі тұрғындардың күнделікті тұрмысына кері әсерін тигізетінін қала әкімдігі қаперінен шығармаса екен.

Нұрым  Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале