24.07.2026, 16:45
Оқылды: 8

Шыңғырлауда қысқы мал азығын дайындау жұмыстары бақылауда

Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев жұмыс сапарымен Ақтау және Ардақ ауылдық округтерін аралап, жазғы маусымдағы шөп шабу науқанының барысымен танысты.

image-23-07-26-04-57

Іссапар алдымен Ақтау ауылдық округіндегі «Ақтау» шаруа қожалығында болды. Шаруашылық басшысы Ержан Рамазанов қыр басындағы шабындық алқабын аралатып, қазіргі жұмыс жайымен таныстырды. Шабындық басындағы теңкиген шөп тайларының қарасы мол көрінді. Шаруашылық басшысы биылғы шөп шығымының молдығын айтып отыр. Пішен әлі көк күйінде. Күні кешеге дейін жиілеткен жауынның нәтижесі бұл дейді. Қазақ «миқы боз» деп атайтын даланың көкмайсасының исі мұрынды жарады. Төрт түлікке сүйкімді азықтың биылғы жылға осы алқаптың өзінен 2000 тайын аламыз деп жоспарлайды іскер азамат. Одан артылғаны саттыққа шығарылып, халыққа қолжетімді бағамен сатылатын болады деп отыр пішеншілер.

Міне, жауын тоқтап, күн ыси бастағалы пішеншілер жіті қимылдауда. Шабылған шөпті кептіріп барып буып, талапқа сай тайлап жатыр.

Келесі кезекте осы шаруашылыққа жақын жатқан «Азат» шаруашылығы мақсары алқабына бұрылдық. 150 га жерге егілген майлы дақыл жап- жақсы бой алып, жайнап тұр. Гүл жара бастаған егістік мол өнімге үміт беріп тұр. Шаруашылық басшысы Серік Бексейітов бұл дақылдың шөлге шыдамды, көп бап талғамайтындығын алға тартып, қазір өсіруге қызығушылардың көбейіп тұрғанын айтып отыр. Сонымен қатар құрт түспейді, мал жақындамайтын қылқан жапырақты және бағасы да жақсы бағыт дейді диқандар. Енді ауыл боп бірігіп, комбаин техникасын алып алу керек тұр деген ойын да ортаға салыды шаруашылық басшысы.

image-23-07-26-04-57 (1)

Шаруашылық басшысы 100 га жерге судан шөбін де еккен. Биігі көктегі шарбы бұлтқа жақын тұрған Шағыртау етегінде шабындықта тай- тай судан шөбі жатыр теңкиіп. Судан шөбі- азықтық құнары аса мол шөп. Мал қалдырмай жеп, тез оңалатын, қыс кезінде аязға өңін бермейтін аса пайдалы азық. Шаруалар көп ұзатпай бұл араға екінші мәрте орақ салғалы отыр. 1000 тай шөп алуды жоспарлайды.

Аудан әкімі ауа-райының ыстық көрсетіп тұрғанын, пішеншілерге өрт қауіпсіздігіне аса назар аудару керектігін  қадап тапсырды. Ауылдағы ағайынның бірлесіп шаруашылық ашып, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерге бірігу қажеттігін, мемлекет бағдарламаларының мүмкіндігін пайдаланып, 2,5 пайыздық несиелерді пайдалану қалу керектігін де ескертті.

Жұмыс сапары Ардақ ауылдық округінде «Тоқан» шаруа қожалығының (басшысы Азат Тоқанов) пішен алқабында жалғасын тапты. «Тоқандықтар» да 100 га жерге судан шөбін еккен екен. Көршілес Теректі ауданынан тұқым алып, еккен шөп биылғы жаңбырмен мол шығым беріп тұр. «Бірінші орақтың өзінен 700 тай шөп алсақ, жалпы 2000 тай шөпке жоспарлап отырмыз»- дейді шаруашылықтағылар. Шаруашылық 200 га жерді қосымша жыртып дайындап қойған. Алдағы уақытта бұл жерлерге житняк шөбін еккісі келеді.

Жалпы Ардақ округінде 6 бірдей шаруашылық судан шөбін егуді қолға алған.

«Беккужиев» шаруашылығы 75 га жерге судан шөбін еккен. Шығымы өте жақсы (гектарына 7ц) алқаптан 500 тай пішен алуды жоспарлап отыр шаруашылық. Бұл шаруашылық та 132 га жерін житняк егуге дайындап қойған. Шаруашылықта 3 адам жұмыс жасап жатыр.

Аудан басшысы «Алаша» шаруа қожалығына да барып,  шаруашылықтың пішен дайындау жұмыстарымен танысты. Жалпы округте судан шөбін егуді шаруашылық жетекшісі Арман Төлегенов бастаған. Шөптің мал азықтық тиімділігі мен құнарлылығын байқаған өзге де шаруашылықтар мұны үлгіге алып, қазір  6 шаруашылық судан шөбін еккен. Шаруашылық бұдан басқа 300 га мақсары, картоп еккен. Қазір судан шөбіне бірінші орақ салып, 1000 тай пішен алуды жоспарлап отыр.

Дихандар биыл шегірткенің жоқтығына қуанады. Былтырғы жылы жақсы жүргізілген шегірткеге қарсы іс- қимылдардың нәтижесі дейді мұны  ауылшаруашылық бөлімінің мамандары.

image-23-07-26-04-57 (2)

Аудан басшысы барлық шаруашылықтарға ыстық күндердің келе жақындап келе жатырғанын ескертіп, өрттен сақ болуға шақырды.

Шаруашылықтарда науқандық жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп, техника мен еңбек күші тиімді ұйымдастырылған.

Жазғы науқан- тынымсыз еңбекті талап ететін кезең. Қазіргі таңда шаруашылықтар қысқы мал азығын уақытылы әрі жеткілікті көлемде дайындауға күш жұмылдыруда. Мал азығын молынан әзірлеу- төрт түліктің қыстан қысылмай шығуының, ал шаруаның табысты болуының басты кепілі.

 

Адақ Танабайұлы, 

Шыңғырлау ауданы 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале