27.07.2026, 15:30
Оқылды: 15

Әскери бөлімдегі ата-аналар күні: Оралда 300-ге жуық ата-ана балаларының қызметімен танысты

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінде «Әскери бөлімдегі ата-аналар күні» атты ашық есік іс-шарасы ұйымдастырылды. Игі бастама аясында 300-ге жуық сарбаздың ата-анасы әскери бөлімге арнайы келіп, ұлдарының әскери қызмет өткеріп жатқан ортасымен жақыннан танысты.

WhatsApp Image 2026-07-27 at 12.04.30 (1)

Іс-шараның негізгі мақсаты – әскери бөлім қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, ата-аналар мен әскери бөлім басшылығы арасындағы өзара байланысты нығайту, сондай-ақ сарбаздарға жасалған тұрмыстық және қызметтік жағдайларды көрсету.
Бағдарлама аясында қонақтар әскери бөлімнің аумағын аралап, казармаларды, жауынгерлік даярлық сыныптарымен танысты.
Сонымен қатар әскери қызметшілердің күн тәртібі, жауынгерлік дайындық жүйесі, әскери киім-кешекпен қамтамасыз етілуі, тұрмыстық жағдайы және жеке құрамның әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат алды.
Ата-аналар әскери бөлім басшылығымен еркін форматта пікір алмасып, өздерін толғандырған сауалдарға нақты жауап алды.
Марал Кишкентаева, сарбаздың анасы:
– Бүгін ұлымыздың қызмет етіп жүрген ортасын өз көзімізбен көріп, көңіліміз орнына түсті. Әскери бөлімде тәртіптің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына, сарбаздарға барлық қажетті жағдайдың жасалғанына көз жеткіздік. Командирлердің ата-аналармен ашық әңгімелесіп, барлық сұраққа нақты жауап беруі ерекше әсер қалдырды. Осындай кездесулер жиі ұйымдастырылса, ата-аналардың да әскери қызметке деген сенімі арта түседі. Барлық сарбаздарға елге адал қызмет етіп, аман-есен отбасына оралуларын тілеймін.

WhatsApp Image 2026-07-27 at 12.04.30
Осындай кездесулер арқылы ата-аналар ұлдарының әскери ортаға бейімделу барысын өз көздерімен көріп, олардың қауіпсіздігі мен тұрмыс жағдайына қатысты толыққанды ақпарат алады. Бұл өз кезегінде қоғам мен әскер арасындағы байланысты күшейтіп, әскери қызметтің беделін арттыруға ықпал етеді.

 

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының
баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале