Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен жиын өтіп, онда биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша мал шаруашылығы саласының даму қорытындылары талқыланды. Аталған сала агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызды стратегиялық бағыттарының бірі, - деп жазады Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес саланың дамуына тың серпін беретін Кешенді жоспар әзірленді. Мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге уақтылы жетіп, өндіріс көлемін ұлғайтуға және саланың тиімділігін арттыруға ықпал етуі тиіс. Осыған байланысты жедел шешуді қажет ететін мәселелерді талқылауымыз қажет», – деді Айдарбек Сапаров.
Мал шаруашылығы департаментінің директоры Бағлан Аймырзаевтың айтуынша, осы жылдың алты айында мал шаруашылығының жалпы өнімі 2,058 трлн теңгеден асып, нақты көлем индексі 104,4%-ды құрады.
Негізгі бағыттардың барлығы қарқынды дамуда. Барлық санаттағы ет өндірісі 5,5%-ға, сүт өндірісі 2,4%-ға, жұмыртқа өндірісі 7,9%-ға артты. Сонымен қатар мал саны тұрақты түрде көбейіп келеді.
Кешенді жоспар аясында асыл тұқымды мал сатып алуға, жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен, ал айналым қаражатын толықтыруға жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен кредит беруді көздейтін «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламалары іске қосылды.
Мамандандырылған бордақылау алаңдарын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Қолға алынған шаралар нақты нәтижесін беруде.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарында барлық санаттағы ет өндірісі 7,9%-ға өсті. Жемшөппен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Өңірлердің деректеріне сәйкес, бүгінде 16 млн тоннадан астам мал азығы дайындалды. Оның ішінде 13,8 млн тоннасы – пішен азығы.
Жиынды қорытындылай келе Айдарбек Сапаров саланың даму қарқынын сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
«Басты міндет – мал шаруашылығының тұрақты өсімін қамтамасыз ету. Бұл мақсатқа Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын дәйекті іске асыру, өндіріс көлемін нақты ұлғайту, кәсіпорындардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету және қолда бар әлеуетті барынша тиімді пайдалану арқылы қол жеткізуіміз қажет», – деп баса атап өтті министр.