Биылғы жартыжылдықта Бәйтерек аудандық сот өндірісіне азаматтық іс бойынша 262 арыз түскен. Бұл былтырғы осы кезеңдегіден 122 пайызға көп. Өткен алты ай ішінде сотпен 202 азаматтық іс қаралды. Ол да былтырғыдан 134,8 пайызға артып отыр. Бұл туралы аудандық сотта өткен баспасөз мәслихаты кезінде айтылды.

Аудандық сот төрағасы Әсел Мәженова мәлімдегендей, қазіргі таңда азаматтық даулар бойынша сот медиациясының рәсімі табысты іске асырылуда. Мысалы, қаралған 202 істің ішінен татуластыру рәсімдерін жүргізу және істерді сот талқылауына дайындау сатысында 98 іс аяқталды. Айта кетейік, өткен жылдың салыстырмалы кезеңінде қаралған 86 істің 36-ы бойынша татуласу рәсімімен аяқталған еді. Осыдан-ақ бұл бағыттағы іс 172,22%-ға артқаны байқалады.
Өткен жартыжылдықта әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 138 іс қаралса, оның 16-сы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттермен байланысты. Ал 20 іс мас күйінде көлік құралдарын басқаруға, 25-сі кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысқанға, сондай-ақ тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей іс-әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асырғанға қатысты.
Құқық бұзушылық жасағандарға түрлі жазалау шаралары тағайындалған. Мысалы, 30 адам қамауға алынса, 73 азаматқа жалпы сомасы 9 222 512 теңге болатын айыппұл салынды, 18 адам көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды, 4 кісіге ескерту беріліп, екеуі ҚР аумағынан шығарылды.
– Биылғы жартыжылдықта аудандық сот 17 қылмыстық істі қарады. Оның ішінде 3-уі ұрлық болса, 2-уі көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік мас күйінде жүрген адамның көлік құралын басқаруына, 3-уі көлік құралын басқарған адамның жол қозғалысы ережелерін бұзуы, абайсызда адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соқтыруына, 1-уі лауазымды адамға пара беруге және т.б. қатысты. Нәтижесінде 4 адамға бас бостандығынан айыру, 3 кісіге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындалып, 4 азаматқа жалпы сомасы 825 700 теңге болатын айыппұл салынды. Жәбірленушілерге өтемақы қорына – 554 400 теңге өндірілді,-деген Әсел Ерсенқызы қазіргі уақытта сот барлық іс электрондық форматта қабылданатынын және қаралатынын, автоматтандырылған электрондық құжат айналымы 100% енгізілгенін, сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді нығайту және дамыту бойынша нақты іс-шаралар қолға алынғанын да атап өтті.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы