Бөрлі аудандық мәдениет үйінде форум өтті. Форум аудандық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен оздырылды. Аталған форум әйелдер денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және тәжірибе алмасуға арналды. Шара барысында тәжірибелі мамандар қазіргі қоғамдағы өзекті тақырыптарды қозғап, форум қатысушыларымен пікір алмасты.

Форумға аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов, аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов, Батыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы және БҚО әкімінің гендерлік саясат жөніндегі кеңесшісі Жанслу Төремұратова, ДСК «Приоритет» компаниясының директоры, Орал қаласының іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, депутат Жанна Кенжина және аудандық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері мен арнайы қонақтар қатысты.

Алдымен аудан әкімі Еркебұлан Нұретдинұлы сөз сөйлеп, форумды ашып берді.
- Әйел – отбасының берекесі, қоғамның тірегі, ал салауатты әйел дені сау, саналы ұрпақтың, қуатты ұлттың кепілі. Бүгінгі форумның басты мақсаты отбасылық құндылықты нығайту, ана мен баланы қорғау, репродуктивті және психикалық денсаулықты сақтау, бәсекеге қабілетті кәсіпкер әйелдерді дамыту болып табылады. Мемлекет басшысы әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, отбасы институтын қолдау мемлекеттің саясатының басым бағыттарының бірі екенін үнемі атап өтіп отырады. Бүгінде Бөрлі ауданының әлеуметтік экономикасы мәдени және қоғамдық өмірінде әйелдердің қосқан үлесі ерекше. Сіздер білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет, шағын және орта бизнес және тағы да басқа салаларда жоғары кәсібилік пен жауапкершіліктеріңізді көрсетіп келесіздер, - деді аудан басшысы.

Әрі қарай аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Луиза Хамиқызы да құттықтау сөз сөйлеп, форумның сәтті өтуін тіледі.
Ең алдымен спикер ретінде аудандық аурухана бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Снежанна Усенова «Адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация. Жатыр мойны обырының алдын алу» жөнінде баяндамасын таныстырды. Ол баяндамасында адам папилломасы вирусының алдын алу, вакцинацияның маңыздылығы жөнінде толық ақпарат беріп, әйелдердің денсаулықтарына жауапкершілікпен қарауының маңыздылығын атап өтті.
Келесі аудандық аурухананың аға акушері Майра Алекешоваға беріліп, ол «Отбасын жоспарлау. Жүктілікке дайындық» тақырыбында өз ойымен бөлісті. Сонымен қатар KPO жедел медициналық көмек қызметінің жетекшісі Гүлайм Насиханова «Өнеркәсіп саласында әйелдердің денсаулығын қорғау», эндокринолог дәрігер Айнұр Серғазиева «Әйелдердегі гормоналды теңгерімсіздік» жөнінде баяндап берді.
- Гормоналды теңгерімсіздік - бір немесе бірнеше гормон деңгейінің қалыпты шектен ауытқуымен сипатталатын жағдай. Мұндай теңгерімсіздік гормондардың артық болуы немесе жетіспеушілігі салдарынан туындайды. Қалыпты жағдайдан тіпті 10-15%-дық ауытқудың өзі байқалатын белгілерді тудырып, өмір сапасына әсер етеді. Гормоналды теңгерімсіздік — бір немесе бірнеше гормонның өндірілуі, бөлінуі немесе әсер ету процесінің бұзылуымен сипатталатын клиникалық жағдай. Ол дербес диагноз болып саналмайды. Гормондар - барлық мүшелер мен жүйелердің қызметін реттейтін биологиялық белсенді заттар. Оларды жиі ағзаның «дирижерлері» деп те атайды: қалыпты жағдайдан тіпті шамалы ауытқудың өзі адамның жалпы жағдайына, сыртқы келбеті мен көңіл-күйіне әсер етеді, - деп эндокринолог дәрігер Айнұр Шарханқызы гормоналды өзгерістердің әйелдер денсаулығына әсері, онымен байланысты белгілер, алдын алу шаралары және уақытылы медициналық кеңес алудың маңыздылығы туралы кеңес берді.
Сондай-ақ «UNITYFIT» фитнес студиясының тренері, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Эльмира Балтурманова «Күйзелісті жеңілдету және психикалық денсаулық» туралы айтып берді.
- Психикалық денсаулық – адамның жалпы денсаулығының маңызды құрамдас бөлігі. Бұл жай ғана психикалық ауытқулардың болмауы емес, сонымен қатар күнделікті күйзелістерді жеңе білу, эмоционалдық тепе-теңдікті сақтау, қарым-қатынас орнату, еңбек ету, даму және қоғам өміріне толыққанды қатысу қабілеті. Әйелдердің психикалық денсаулығы туралы айту ерекше маңызды, өйткені қазіргі заманғы әйел көбінесе бір мезгілде бірнеше әлеуметтік, кәсіби және отбасылық рөлді атқарады. Заманауи әйел жұмыс істейді, бала тәрбиелейді, отбасына қамқорлық жасайды, ата-анасына көмектеседі және кәсіби тұрғыдан өзін жүзеге асыруға ұмтылады, сонымен бірге өзін де назардан тыс қалдырмауға тырысады. Көптеген әйелдер осы қарқынмен жылдар бойы өмір сүреді. Үнемі шаршау мен эмоционалды шиеленіс көбінесе өмірдің қалыпты бөлігі ретінде қабылданады. Дәл сол себепті біздің студияда біз дене белсенділігін тек денені шынықтыру тәсілі ретінде ғана емес, сонымен қатар психикалық саулықты нығайту құралы ретінде де қарастырамыз. Біз студиямызда әртүрлі жастағы және түрлі физикалық дайындық деңгейіндегі әйелдер өздеріне қолайлы форматты таба алуы үшін арнайы үш жаттығу бағытында әзірледік. Дене белсенділігі жасқа немесе бастапқы дайындық деңгейіне қарамастан, әрбір әйел үшін қолжетімді болуы тиіс. Студиямыз жұмыс істеп келе жатқан уақыт ішінде мен мұның куәсі болдым. «UNITYFIT-те» 18 бен 63 жас аралығындағы әртүрлі жастағы әйелдер жаттығады. Олар – өмір салты, мақсаттары мен физикалық дайындық деңгейлері әртүрлі жас әйелдер мен ханымдар. Дегенмен, оларды біріктіретін бір нәрсе бар: ол – өздеріне және денсаулықтарына қамқорлық жасауға деген ұмтылыс, - деп «UNITYFIT» фитнес студиясының тренері Эльмира Нұрғалиқызы психикалық денсаулықты сақтау, стрессті жеңу жолдары және белсенді өмір салтының маңыздылығы туралы бөлісті.

Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Жанслу Меңешқызы «Әйел денсаулығы – ең маңызды капитал» тақырыбында сөз қозғады. Форум соңында Жанслу Меңешқызы өздерінің білімдерімен және тәжірибелерімен бөліскен спикерлерді алғысхат және гүл шоқтарымен марапаттап, естелік суретке түсті.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы