30.07.2026, 11:15
Оқылды: 14

БҚО прокурорының орынбасары бәйтеректіктерді қабылдады

БҚО прокурорының орынбасары Азамат Сәтбаев Бәйтерек ауданына жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.

image-30-07-26-10-23-2

Мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы тікелей байланысты нығайтуға бағытталған кездесуге Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов, аудан прокуроры және жауапты мемлекеттік органдардың басшылары қатысты. Ашық форматта өткен қабылдауда әлеуметтік қолдау, тұрғын үймен қамту, жер қатынастары, инфрақұрылым, коммуналдық мәселелермен қатар, лудомания, интернет-алаяқтық және нашақорлықтың алдын алу мәселелері сөз болды.

Атап айтқанда, аудан тұрғындары Сергей Мищенко, Біржан Көпболсынов және Дания Абдулова жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге арналған жер телімін алу, сондай-ақ су айдындары маңындағы мәселелер бойынша өтініш білдірді. Өтініштер қолданыстағы заңнама талаптары аясында қаралып, азаматтарға тиісті құқықтық түсіндірме берілді. Аудан әкімі аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Александр Полежаевке көтерілген мәселелердің мән-жайын нақтылап, заң талаптарына сәйкес шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Мүмкіндігі шектеулі азамат Жалғас Мендыгазиев тұрғын үй мәселесін көтеріп, Дариян ауылынан баспана сатып алу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Осыған байланысты аудан әкімі жауапты сала басшыларына азаматтың тұрғын үймен қамтылу мүмкіндігін зерделеп, тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сонымен қатар қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясындағы мүмкіндіктер түсіндірілді.

Қабылдау барысында Байқоныс ауылдық округіндегі «Жайық» саяжай қоғамының өкілдері жол мәселесін көтерді. Тұрғындардың айтуынша, саяжайға апаратын жолдың жағдайы әсіресе жауын-шашын кезінде күрделене түседі.

Саяжай тұрғындарын жолдың жай-күйімен қатар экологиялық жағдай да алаңдатады. Ауыр техниканың қозғалысынан көтерілетін шаң қоршаған ортаға таралып, өсімдіктерге, адамдардың денсаулығына және тірі табиғатқа кері әсерін тигізіп отырғаны айтылды. Осыған байланысты тұрғындар карьер иелерінің әлеуметтік жауапкершілігі мәселесін көтерді. Олардың пікірінше, жолды тұрақты пайдаланатын және ауыр техникасымен оның жағдайына әсер ететін кәсіпкерлер жолды қалпына келтіруге атсалысуы қажет.

Қабылдау барысында жастар мәселесі де қаралды. Жастар өкілі Назерке Бариева 35 жасқа дейінгі азаматтар тарапынан облыстық прокуратураға қандай мәселелер бойынша шағымдар жиі түсетіні жөнінде сұрақ қойды. Оның айтуынша, бұл сұрақ жастарға тиісті қолдау көрсетіп, өзекті мәселелер бойынша көмек ұйымдастыру мақсатында тиімді.

image-30-07-26-10-23-1

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, жастар арасында есірткі мен нашақорлыққа қатысты мәселелер өзектілігін сақтап отыр. Осы бағытта аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Қайрат Маратов «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде екенін жеткізді. Атқарылған шаралардың нәтижесінде бірқатар көрсеткіштердің төмендеу динамикасы байқалғанымен, есірткі мәселесі әлі де тұрақты назарды қажет етеді, - дейді ол. Кездесу барысында жастармен тұрақты әрі тығыз байланыс орнатудың маңыздылығы да сөз. Бұл бағытта өзара байланысты жалғастырып, жастарды толғандыратын мәселелерді бірлесіп көтеру және олардың шешілуіне ықпал ету ұсынылды.

- Тұрғындармен мұндай тікелей кездесулер азаматтардың мәселесін жергілікті жерде тыңдап қана қоймай, олардың шешілу барысын бақылауға мүмкіндік береді. Ашық диалог арқылы көтерілген әрбір мәселенің нақты нәтижеге ұласуы – халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтудың маңызды тетігі, - деді облыс прокурорының орынбасары Азамат Сәтбаев.

 

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале