12 тамыз - Халықаралық жастар күні
Жастыққа жігер, қайрат тән.
Тәуекелдің де қанаты - жастық.
Жастық қуат - мемлекеттің де зор ресурсы. “ Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам!” - деген Сұлтанмахмұттың бүгінгі замандастарын қандай арман, қандай мұрат алға сүйрейді?! Сырым ауданындағы жастар саясаты қай деңгейде жүзеге асуда?! Осы сауалдарды аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Райымбек Нариманға қойдық.

- Райымбек Көпболсынұлы, Сырым ауданындағы мемлекеттік жастар саясатының бас кеңсесі - жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының тынысы қалай?!
- Орталықтың басында 15 қызметкер және Жымпитыдан басқа 11 ауылдық округте әдіскер бар. Олар жастармен тікелей жұмыс атқарады. Бос уақыттарына тиімді шаралар ұсынады, шығармашылық және кәсіпкерлік бастамаларын қолдауды ұйымдастырады, ресми өкіл ретінде болмаса да, мемлекеттік бағдарламалар мен тиімді мүмкіндіктер туралы кеңестер береді.
Сонымен қатар аудандағы жастар қозғалысының алғашқы қарлығашы «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің аудандағы орыны мен маңызын айтпай кетуге болмайды. “Сырым жастары” - біздің аға буын үшін өмір мектебі. Қазір бұл ұйымды Тимур Анваров басқарады.
- Аудандағы жастар контингентіне сараптама бар ма?! NEET санатындағылармен қандай жұмыс жүруде?!
- Сырым ауданында 14 пен 35 жас аралығындағы жастардың саны – 4337 адамды құрайды. 2026 жылдың ақпан айында облыстан келген талдау нәтижесінде аудан бойынша 40 жастың NEET санатына кіретіні анықталды.
Яғни, ресми жұмысы жоқ, оқуда тіркелмеген, әлеуметтік пайдалы шаралармен қамтылмаған жастарға мүмкіндіктер есігін ашу - біздің міндет. Қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде қазіргі таңда біз NEET санатындағы жастардың санын 34 - ке дейін төмендеттік. Аталған санатта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (ОСМС) жүйесіне қатыспаған, яғни жарналары жүргізілмеген жастар да бар. Жұмыссыз замандастарды тұрақты жұмысқа орналастыру және кәсіпке бейімдерін оқытуға жіберу бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.
- Жұмыспен қамту туралы айтып қалдыңыз.
- Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен барлығы 166 адам қамтылды. Атап айтқанда, “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы бойынша 5 адам жұмысқа кірісті. Бұл бағдарлама - тұрақты жұмысқа бастар табысты жол, қуатты қолдау.
Ауданда жыл басынан бері бір рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 26 орын ұсынылды. Жәрмеңке қорытындысы бойынша 4 адамға жолдама беріліп, олардың 3-еуі тұрақты жұмысқа орналасты, 6 адам қоғамдық жұмысқа жіберілді. «Жастарға кеңес беру» жобасы аясында 31 кездесу өткізіліп, 264 жасқа мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен түсіндірілді.
Жұмыссыздықтың арғы жағында сенделу, берекесіз жүріс, нашақорлықтың, лудомания тұр. Біз қоғам болып осы “есіктерді” бекітуге тиіспіз.
- Елдегі ең қуатты экологиялық қозғалыс “Таза Қазақстан” ұлттық жобасының маңызын қалай бағалайсыз?! Жастардың ауыл тазалығына үлесі қандай?!
Аудан жастары республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына белсенді қатысуда. Жыл басынан бері аталған акция аясындағы іс-шараларға 375 жас тартылды.
“Таза Қазақстан” бір реттік акция емес, ол - сана - сезім. Сондықтан, тазалық пен экосауаттылық жолында жастар бастамашы әрі үлгі болуға тиіс деп санаймын.

- Биыл тағы қандай айшықты жобалар жүзеге асты?!
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында жасанды интеллектіні дамыту мен оны кеңінен қолданудың маңыздылығына ерекше тоқталған болатын. Осыған орай облыстық деңгейде өткен «Сырымның ұлы даласы» атты анимациялық байқауға аудан жастары белсенді қатысып, өз шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында аудан көлемінде мәдени-көпшілік және спорттық іс-шаралар жүйелі түрде өткізілуде. Атап айтқанда, Қособа ауылында Кеңес әскерінің шектеулі контингентінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 37 жыл толуына орай ұлттық спорт түрлерінен аудан біріншілігі ұйымдастырылды. Бұлан ауылдық округінде қысқы эстафеталық ойындар өткізілсе, Тоғанас, Бұлан және Аралтөбе ауылдарында студент жастар арасында тимбилдинг ойындары ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Айбын – 2026» әскери-патриоттық жиыны, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мекеме қызметкерлері арасында волейболдан аудан біріншілігі, сондай-ақ жастар арасында түрлі интеллектуалдық ойындар өткізілді.
Жастардың кәсіби бағдарын қалыптастыру және олардың жетістіктерін насихаттау мақсатында әлеуметтік желілерде жас мамандар мен жас кәсіпкерлердің қызметін таныстыруға бағытталған «Маманмен бір күн» және «Кәсіп баста!» атты бейнероликтер дайындалып, жарияланды.
«Заң мен тәртіп» жобасы аясында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Нашақорлықтың алдын алу бағытында екі әлеуметтік бейнеролик дайындалып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылып, ақпараттық тақталарға арнайы плакаттар орналастырылды. Аталған жоба аясында 400 оқушының қатысуымен аудандық форум өткізілді.
Сонымен қатар жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру және волонтерлік қызметке тарту мақсатында қала жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алып жүрген студент жастармен кездесулер өткізілді. Кездесулер барысында аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жастар саясатының негізгі бағыттары таныстырылып, жастарды «Сырым жастары» волонтерлік корпусына мүшелікке қабылдау және волонтерлік қозғалысты дамыту мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
- Аудандағы жастар саясатының жүзеге асу деңгейін кім бағалайды?!
- Батыс Қазақстан облысы Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтарының 2026 жылдың алғашқы 6 айындағы есептік көрсеткіштері бойынша Сырым ауданы жалпы тізімнің екінші сатысында тұр. Бұл көрсеткіш орталықтың жүйелі жұмысының, жоспарланған іс-шаралардың сапалы ұйымдастырылуының және жастармен жүргізілген тиімді жұмыстың нәтижесін көрсетеді. Өзімізге баға бере алмаймыз.
Алдағы уақытта да жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар өз жалғасын тауып, жастардың жан-жақты дамуына, қоғамдық белсенділігінің артуына және олардың әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады.
- Нақты жоспарлар бар ма?!
- Алдағы уақытта «Достығымыз жарасқан» аймақтық форумы, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, экологиялық бағыттағы «Табиғатты аялау – әр азаматтың борышы!» акциясы, сондай-ақ судағы қауіпсіздік ережелерін насихаттау шаралары ұйымдастырылатын болады.
Сонымен қатар, 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай аудан жастарының қатысуымен облыстық туристік слет. Аталған шара жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, туризмді дамытуға, командалық бірлікті нығайтуға және белсенді демалысты ұйымдастыруға бағытталмақ.
Сұхбаттасқан: Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы