Оралда синтетикалық есірткі өткізу арнасының жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сурет: Polisia.kz
"Қарасора-2026" және "Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Орал қаласында есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы шетел азаматын ұстады. Оқиға орнын қарау барысында тұрғын үйлердің бірінің ауласынан шығу тегі белгісіз зат салынған полиэтилен пакет табылып, тәркіленді. Күдікті уақытша тұрған жалдамалы пәтерде жүргізілген тінту кезінде полицейлер сары түсті, өзіне тән иісі бар ұнтақ тәрізді зат салынған пластик ыдысты, көптеген зип-пакеттерді, екі электронды таразыны, екі орам тағамдық фольганы және жасыл түсті оқшаулағыш таспаны тәркіледі.
Тәркіленген заттардың жалпы салмағы шамамен 250 грамды құрайды. Алдын ала мәлімет бойынша, тәркіленген зат синтетикалық есірткі – мефедрон болуы мүмкін. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын, сондай-ақ тыйым салынған заттарды жеткізу және өткізу арналарына қатысты өзге де мән-жайларды анықтап жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.