Атом өнеркәсібі және жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Зурият Сауатова Tizgin.kz порталына берген сұхбатында, Қазақстанның атом саласындағы негізгі жетістіктері мен даму бағыттарын баяндады.

Фото: Tizgin.kz
Еліміз соңғы жылдары тек шикізат тасымалдаушы мәртебесінен асып, жоғары технологиялық ядролық отын өнімдерін шығаратын мемлекетке айналды. 2009 жылдан бері табиғи уран өндіруден әлемде бірінші орынды иеленіп келе жатқан Қазақстанда 2025 жылы өндіріс көлемі 26 мың тоннаны, оның ішінде жаһандық нарықтың 40 пайызын құрады. Кен орындарын игеру қоршаған ортаға зияны аз әрі экологиялық қауіпсіз жер асты ұңғымалық шаймалау әдісімен жүргізіледі.
Өскемендегі 70 жылдық тарихы бар Үлбі металлургиялық зауыты уран, бериллий, тантал және ниобий өнімдерін шығаратын негізгі өндіріс ошағы болып табылады. Осы зауыт аумағында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Төмен байытылған уран банкінің орналасуы — халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанға деген жоғары сенімінің көрінісі. Ал 2021 жылы іске қосылған «Үлбі-ТВС» қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны 2024 жылы жобалық қуатына жетіп, 2025 жылы Қытай АЭС-теріне арналған 471 жылу бөлетін құрастырма (уран баламасымен 214,7 тонна) шығарды. Бұл көлем жыл сайын алты заманауи энергетикалық реакторды отынмен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Еліміз енді табиғи ураннан бастап дайын ядролық отын шығаруға дейінгі толық циклге белсене қатысуда. Сарапшының айтуынша, жинақталған бұл ғылыми-өндірістік база мен халықаралық тәжірибе болашақта отандық АЭС құрылысы мен ұлттық атом энергетикалық кешенін дамытуға берік іргетас болады.