31.07.2026, 9:00
Оқылды: 23

Елордада робот-курьерлер арқылы жеткізудің жаңа форматы сынақтан өтуде

Астанада тапсырыстарды автономды түрде жеткізудің жаңа сервисі пилоттық режимде іске қосылды. Бұл туралы ҚР Жасанды интиеллект және цифрлық даму министрлігі жазды.

7e9281cb4787b6b37d80f98f47a5eb0c_1280x720

Бірінші кезеңде «Есіл» ауданының тұрғындары «Яндекс Лавка» сервисінен тапсырыстарын робот-курьерлер арқылы тегін жеткізуге тапсырыс бере алады. Роботтар жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылыммен өздігінен қозғалып, тапсырыстарды тұрғын үйлерге дейін жеткізеді.

Пилоттық жоба Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласы Полиция департаменті, «Astana Innovations» АҚ және Yandex Qazaqstan компаниясының бірлесуімен, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.

Робот арқылы тегін жеткізуге тапсырысты Яндекс Go қосымшасындағы «Лавка» бөлімінде рәсімдеуге болады. Егер көрсетілген мекенжай пилоттық жоба аумағына кірсе, пайдаланушы тапсырысты рәсімдеу кезінде кәдімгі курьерді немесе робот-жеткізушіні таңдай алады. Робот арқылы жеткізу үшін қосымша ақы алынбайды.

Робот тұрғын үйге дейін жаяу жүргіншілер бағытымен келіп, кіреберіс маңындағы тротуарда немесе қолжетімді ең жақын орында тоқтайды. Пайдаланушы оның қозғалысын қосымша арқылы бақылай алады, ал робот келгеннен кейін смартфон арқылы жүк бөлігін ашып, тапсырысын алып кетеді.

Роботтар маршрутты өздігінен құрып, навигация жүйелері, компьютерлік көру және нысандарды тану технологияларының көмегімен айналадағы жағдайды талдайды. Олар кедергілерді анықтап, айналып өтеді, жаяу жүргіншілерге жол береді, жылдамдығын төмендетеді және қажет болған жағдайда қауіпсіз тоқтайды. Орташа қозғалыс жылдамдығы шамамен сағатына 6 шақырымды құрайды, бұл тротуарларда қауіпсіз әрі жайлы қозғалысты қамтамасыз етеді. Бағдарламалық қамтамасыз ету мен датчиктер жүйесінің арқасында роботтар әртүрлі ауа райы жағдайында жұмыс істей алады.

Айта кетейік, 2026 жылғы 15 шілдеде жобаның алғашқы сынақтық іске қосылуы өтті. Мамандар роботтардың қалалық маршруттар бойынша қозғалысын, олардың жаяу жүргіншілермен және инфрақұрылым нысандарымен өзара әрекеттесуін, сондай-ақ қауіпсіз пайдалану тетіктерін тексерді.

«Астана қаласы тұрғындарға арналған қалалық сервистерді ыңғайлы әрі қолжетімді ететін заманауи технологияларды жүйелі түрде енгізіп келеді. Осы жоба аясында біз автономды жеткізу қызметінің қалалық инфрақұрылым жағдайындағы жұмысын бағалаймыз. Бұл ретте қауіпсіздікке, сервистің сенімділігіне және пайдаланушылардың кері байланысына ерекше назар аударылады. Алынған нәтижелер елордада автономды жеткізу қызметін одан әрі дамытуға негіз болады», – деді Astana Innovations басқарма төрағасы Ғизат Әмірғали.

Пилоттық жобаның іске қосылуы елорда тұрғындары мен қонақтарына тапсырыс жеткізудің жаңа технологиялық форматын пайдаланып көруге және оның күнделікті өмірдегі қолайлылығын бағалауға мүмкіндік береді. Жоба дамыған сайын қызмет көрсету аумағы кеңейтіледі. Жақын уақытта робот-курьерлер арқылы жеткізу «Нұра» ауданының тұрғындарына да қолжетімді болады.

«Бүгінде Қазақстан елді цифрлық трансформациялау бойынша ауқымды міндеттер қойып отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен 2026 жыл Жасанды интеллект және цифрландыру жылы болып жарияланды. Сонымен қатар биыл Digital Qazaqstan стратегиясы қабылданды. Бұл құжатта елдің цифрлық трансформациясының негізгі бағыттарының бірі ретінде ұшқышсыз технологияларды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Робот-курьерлердің пилоттық іске қосылуы – инновациялардың әзірлеу кезеңінен күнделікті қолданысқа көшіп жатқанын көрсететін нақты мысал. Біздің міндетіміз – осындай шешімдерді дамытуға және оларды қалалық инфрақұрылымға қауіпсіз енгізуге қолайлы жағдай жасау», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтурсынов.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале