Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес 2,4 мың шақырымнан астам облыстық маңызы бар аутомобиль жолына кешенді аудит пен инспекция жүргізілуде.

Сурет: сайт архивінен
Бұл жоба жол инфрақұрылымын бағалаудың заманауи халықаралық тәсілдерін қолдана отырып, аутомобиль жолдарының қауіпсіздігін арттыру негізінде жүзеге асуда.
«Қазақстан жол ғылымизерттеу институты» АҚ (ҚазжолҒЗИ) облыстық маңызы бар 2,4 мың шақырымнан астам аутомобиль жолын кешенді тексеруге кірісті. Оның 1 384 шақырымы Батыс Қазақстан облысына, ал 1 030 шақырымы Маңғыстау облысына тиесілі. Жобаның негізгі мақсаты – қосымша іс-шараларды қажет етуі мүмкін жол учаскелерін анықтау. Мұның дәстүрлі тексерулерден айырмашылығы, жол қауіпсіздігі аудиті жол инфрақұрылымын жан-жақты сараптай алады. «ҚазжолҒЗИ» АҚ мәліметінше, жоба нәтижесінде жолдың геометриялық параметрлерін, көріну қашықтығын, жол жабынының жай-күйін, жол таңбаларын, жол белгілерін, қоршау бөгеттерін, жол жиектерін, жаяу жүргіншілер өткелдерін, қоғамдық көлік аялдамаларын, қиылыстар мен жанасуларды талдап, қосымша инженерлік шешімдерді қажет етуі мүмкін учаскелер айқындалады. Жобаны жүргізу барысында ҚазжолҒЗИ жол инфрақұрылымының қауіпсіз-дігін басқару саласындағы халықаралық тәжірибені қолданады. Осы әдістеме негізінде Чехия Республикасының көлік қауіпсіздігі саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі – Брно қаласындағы CDV (Centrum dopravního výzkumu) Көлік зерттеулері орталығының тәжірибесі алынды.
Зерттеу жұмысы заманауи мобильді жол зертханасының көмегімен жүргізілуде.
Арнайы диагностикалық кешен аутоматты режімде жол жабынының бойлық тегістігін, із тереңдігін өлшейді, жол бетінің цифрлық моделін қалыптастырады, жарықтар, шұңқырлар, шөгулер және басқа да ақауларды тіркейді, сондай-ақ жол инфрақұрылымының үздіксіз сурет және бейнетүсірілімін жүзеге асырады. Тексеру қорытындысы бойынша әрбір жол учаскесі үшін жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған инженерлік ұсыным әзірленеді. Жол жайына қатысты анықталған барлық ақпарат географиялық координаттарға енгізіледі. Соның нәтижесінде бірыңғай цифрлық база және қауіпті жол учаскелерінің картасы қалыптастырылады.
Нұр-Бақыт Тұрсынбаев,
Орал қаласы