31.07.2026, 14:45
Оқылды: 15

Жалын жайлаған шілде

Шіліңгір шілденің  аптап ыстығында облыста ауа температурасы 35-40 градусқа дейін жетті. Аптаптың салдарынан  апта басында Орал қаласы маңындағы Хан тоғайында және қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында  өрт тұтанып, қою түтін шаһар көшелеріне тарады.

Screenshot_20260728_084047

Хан тоғайына төнген қауіп

27 шілдеде сағат 13:45-те «Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» КММ-не қарасты Хан тоғайының шаһар тұсынан өрт шықты. Ауданы 18 гектарды құрайтын алқап отқа оранған еді. Жалпы аумағы 272 гектарды құрайтын тоғайдың өртенуі көпті алаңдатты. Хан тоғайында негізінен үйеңкі және шаған ағаштары өседі. Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өртті сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен орман шаруашылығы қызметінен 75 адам, 18 техника және «Гейзер» сорғыларымен жабдықталған 2 жүзу құралы жұмылдырылды.

Screenshot_20260728_083929

Сондай-ақ ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің №20982 әскери бөлімінің 20 қызметкері мен 1 техникасы, «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің 4 адамы мен 1 тікұшағы, «Қазавиақұтқару» мекемесінің 5 адамы мен 1 тікұшағы қызыл жалынды өшіруге септесті. Авиация арқылы жалпы көлемі 68 тонна болатын су 46 рет төгілді. Өрт сол күні сағат 20:28-де оқшауланды. Бүгіндері Хан тоғайы аумағында болған табиғи өрт толығымен сөндірілді. Оқиға орнындағы іс-шараларды үйлестіру үшін жедел штаб құрылды. Өртті сөндіру жұмысы екпінді желдің салдарынан қиындай түсті. Жел жалынның тез таралуына және өрт аумағының ұлғаюына ықпал етті. Қазір өрттің шығу себебі анықталуда. Айта кетелік, облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласы мен барлық аудан әкіміне тиісті құрылымдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәуліктік кезекшілік ұйымдастыруды тапсырды.

Снимок экрана 2026-07-28 124858

Полигоннан келген пәле

Жаздың аптап ыстығында полигондағы қағаз, целлофан секілді тез тұтанғыш қалдықтар өрт шыққан жағдайда жалынды лезде үдетеді. Бүгінде қала тұрғындары тұтынған қалдықтар Зашаған кентіне 7-шақырым қашықта орналасқан қоқыс полигонына тасымалданады. 27 шілде күні сағат 14:30 шамасында тұтанған өрт 13 гектар жерді жалынға орады. Өртенген аумақ полигонның 30 пайызын құрайды. Тілсіз жауды ауыздықтауға алғашында 30-дан аса техника жұмылдырылды.

Снимок экрана 2026-07-28 125010

Кейін 28 шілде күні күштік құрылым қызметкерлері мен техника саны көбейтілді. Құрылым қызметкерлерін тәулік бойы әбігерге салған өрттен кейін, қала әкімінің шешімімен жергілікті деңгейде төтенше жағдай режімі жарияланды. Сейсенбіде Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев қоқыс полигоны жөнінде ақпарат берді. Оның айтуынша, қазіргі кезде 3 гектар аумақтың өрті толық сөндірілді. Ал қалған бөлігіндегі жалын сөндірілгенімен, қайта тұтану қаупі бар екенін жеткізді.

– Қала бойынша жарияланған төтенше жағдай режімі құрылым қызметкерлерін азық-түлікпен, техникаларды жанар-жағармаймен ұдайы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қоқыс полигоны 1975 жылы пайдалануға берілген. Қала аумағындағы қоқыстың аталмыш полигонға тасымалданып келе жатқанына 50 жылдан асып барады. Бүгінде осы қоқыс төгілетін аумақты экологиялық талаптарға сай рекультивациялау қажет.

Яғни қалпына келтіріп, қоршаған ортаға келетін зиянын азайту керек. Жылдар бойы үйілген қоқыс қабаттарының астында жанғыш газдар жиналады. Соның салдарынан өрт болғанда оны толық сөндіру қиындап, қайта тұтану жағдайлары жиі болады. 2024 жылы біз тілге тиек еткен жобаға арнайы ЖСҚ әзірленді. Арада екі жыл өтсе де, қаржы мәселесі жобаның жүзеге асуына қолбайлау болып отыр. 35 гектарды қамтитын қоқыс полигонын рекультивациялау 3 жылға дейін созылуы ықтимал. Соған сәйкес, жобаға қажет қаражат та қомақты. ЖСҚ-ны жүзеге асыруға 12 млрд теңге қаржы қажет. Соңғы жылдары өңірдергі бірқатар жобаға инвестор тарту тәжірибесі  қалыптасып келеді. ҚТҚ полигондарын инвесторларға беріп, қаржыландыру тәжірибесі Астана, Алматы қалаларында оң нәтижесін берді. Қазіргі таңда әлеуеті жоғары үш бірдей инвестор бар. Олар – Корей, Қытай, Италия мемлекеттерінің фирмалары. ҚР Экология министрлігімен келісімшарт жасасқан компания полигонды рекультивациялауды бастайды. Олар шығарылған қатты қалдықтарды өңдеп, қайта кәдеге жаратады. Бүгінде бұл тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына күніне 700 текше метр қоқыс төгіледі, – деді Жандос Асхатұлы.

Өрт сөндіру жұмысы екі ауысым бойынша ұйымдастырылуда. Ұзын саны 60-қа жуық техника жұмылдырылған. Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Мусиев өрт кезінде құрылған жедел штаб өз жұмысын жалғастырып жатқанын айтты. Оның сөзінше, бүгінде сөндірілген өрттің кей тұстары әлі де бықсып жатқан көрінеді. Қайта тұтанып кетудің алдын алу үшін үстіне топырақ төселуде. Арнайы инженерлік техникалар топырақ төсеу арқылы жалынның таралуын тежеуде. Ал өрттің шығу себебін құзыретті құрылымдар анықтап, заңнамаға сәйкес қажетті іс-шаралдарды жүргізеді.

86c615e7-80ce-4ccf-896d-a1e53f1c84e6

Күні кеше өңір басшысы Нариман Төреғалиев пен ҚР ТЖМ вице-министрі Рамиль Камалов жергілікті департамент және қала басшылығымен кеңес өткізді. Облыс әкімі қала басшылығына ҚТҚ полигоны маңынан өрт сөндіру бекетін ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ өртке жұмылдырылған құрылым қызметкерлері мен техниканы арттыруды  міндеттеді.

Нариман Төреғалиұлы ҚТҚ полигонын меншігіне алған компанияға қатысты да тиісті шешім қабылданатынын айтты.

Нұрым Қайырболатұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале