Жаңақала аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі «Бас кітапхана – ортақ мұра, ортақ тарих» жобасы аясында «Жұбан кітапханасына жыр шашу» облыстық әдеби-сазды жыр кешін ұйымдастырды.

Кештің басты мақсаты – ғасырдан астам уақыт бойы халыққа қызмет етіп келе жатқан кітапхананың тарихи жолын дәріптеу, Жұбан Молдағалиев мұрасын насихаттау, туған өлке ақындарының шығармашылығын таныту және жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру.
Басқосуға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев, Жаңақала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ақнұрлы Нұрғалиқызы қатысты. Сондай-ақ іс-шараға өлкетанушы, ақын-жазушы, журналист Зәкария Сисенғали, ақын, журналист Өмірзақ Ақбасов, сатирик жазушы Аманкелді Шахин, жазушы, тележурналист Мұнайдар Балмолда, тарихшы, ұстаз Қаһарман Сағындықұлы, Қазақстан ауторлар қоғамының мүшесі, ән мәтіндерінің ауторы Абдул Рахметов, айтыскер ақын Орынбек Меңдіқұл, «Жасқалам» жас ақындар клубының мүшесі Ақеділ Жомартұлы, ақын Меңдібек Лұқпан және кітапхана қызметкерлері, мәдениет саласының өкілдері, зиялы қауым мен оқырман жастар да келді.
Жайықтың самалы ескен жазғы кеште Жұбан рухына тағзым жасалып, ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Жиналған қауым ақынның асқақ рухын үнсіз еске алып, кітапхана жанынан құрылған «Тыңда, жүрек» үйірмесінің жас мүшелері азаттықтың ақ таңын аңсаған Жұбан ақынға арналған Ақұштап Бақтыгерееваның «Ерлікті көзбен көрген күн» өлеңін мақамына келтіре оқыды. Жерлес ақын, жазушы Зәкария Сисенғалидің сөзіне жазылған, Қазақстанның халық әртісі Әсет Бейсеуовтің «Жаңақала – гүл қала» әні орындалды.
Кештің екінші бөлімі ұлттық дәстүр мен әдеби мұраны дәріптеуге арналды. «Ақын – елдің арқауы, жыры бөлек жауһарлы» атты кітап көрмесі көпшілікке таныстырылды. Кітапханашы Салта-
нат Тұрарбекқызы көрмеге библиографиялық шолу жасады. Жайықтан шығып жалпақ жұртқа танылған қаламгерлердің шығармашылық жолы мен әдеби мұрасы туралы баяндады. «Ақ босаға» келіндері ақ жаулықты аналардың ізгі дәстүрін жаңғыртып, меймандарға ақ ұсынды.
– Бұл жобаның негізгі мақсаты – сонау әскери училище жанынан ашылған кітапханадағы сары майдай сақталып келе жатқан сирек кітаптарға арналған зерттеу еңбектерін, сыры да, сыны да кетпеген Жұбан ордасының тарихы тізбектелген арнайы басылымдарын облыс аудандарына таныстыру. Қазірде аймаққа белгілі ақын-қаламгерлердің сөзіне жазылған әндерді кей оқырман біле бермейді. Әдебиет пен мәдениетті тоғыстырып, рухани байланысты нығайтқан Жаңақала жұртына риясыз алғыс, – деді облыстық орталық кітапхана директорының кітапхана жұмыстары жөніндегі орынбасары Нұрлыгүл Аяпқызы.
«Әуенге өрілген жыр» атты әдеби-сазды кездесу кештің шырайын аша түсті. Жаңақала топырағында түлеп ұшқан ақындар туған жер, кітап, ел мен руханият туралы тебірене сыр шертіп, тұңғиыққа тартар туындыларын оқыды.
– Жылдың жайнаған жазында жақсының жақсыға және Жұбанға жақын жүргені жақсы ғой. Бәріңізге жақсылық құтты болсын! Кітап деген сөздің мәні терең. Кітап атты досыңнан қандай да бір келелі ой, мәйекті мақал тапсаң, бойыңа қан жүгіртіп, көкірегіңді ілімге толтырады. Мен кітаппен бала кезімнен доспын. Әкем мен анам діни қиссаларды көп оқитын. Шешем кітапханадан етегіне толтырып бізге кітап таситын. Біз таласа оқитынбыз. Мен анамды кітапханашы деп жүрсем, кітапханада еден жуушы екен, бірақ кітаптай асыл қазынаға кіршіксіз махаббатымды ашқан анам еді, – деді Мұнайдар ақын руханият хақында ой толғап.
Ақын Аманкелді Шахин кітаптың адамзатты адастырмас, жаңылдырмас темірқазық екенін баса айтты.
– Студент кезде Крупская атындағы облыс кітапханасының азаннан қара кешке дейін табалдырығын тоздырып жүріп, қажет кітаптарды үңіле оқитын едік. Енді кітап етіп оқырманға кері қайырдық. Кітапхана – негізгі мекенім, құрмет тұтар киелі ордам, – деді Аманкелді ақын.
Кештің әсерлі тұстарының бірі – Жұбан Молдағалиевтің өнегелі өмір жолына арналған театрландырылған композиция болды. Бала кезінен бастап майдандағы ерлігіне, ақындық кемеліне дейінгі өмір белестері сахна тілінде шынайы бейнеленді. Әсіресе «Мен – қазақпын!» деп асқақ үн қатқан азамат ақын бейнесі әсерлі сомдалды.
Ән мен жыр үндескен басқосуда жергілікті өнерпаздардың орындауындағы әсем әндер кештің сәнін келтіріп, ақындардың арнау өлеңдері Жұбан кітапханасына деген ақ тілектің көркем көрінісіне айналды.
Жыр мен кітаптың қадірі қатар ұлықталған бұл кеш Жаңақаланың рухани тынысын тағы бір мәрте танытты. Жұбан рухы жаңғырған, сөз өнері салтанат құрған осындай игі басқосулар ұлт руханиятының шамшырағын жарқырата берері анық.
Ернар Жақыптегі,
«Орал өңірі»