Ауылдың тыныс-тіршілігін кабинетте отырып бағалау мүмкін емес. Оның нақты ахуалы құрылыс алаңында, өндіріс орнында және тұрғындармен жүздескенде анық көрінеді. Осы мақсатта аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Жалпақтал ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік нысандарды аралап, мемлекеттік қолдаудың нәтижесін көріп, тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдады.
Сапардың алғашқы нысаны – Ілияс Жансүгіров көшесінде салынып жатқан 2 пәтерлі 8 тұрғын үй болды. Құрылыс алаңында аудан әкімі мердігермен жүздесіп, жұмыстардың қарқыны мен сапасына мән берді. Баспана мәселесі ауыл тұрғындары үшін әрдайым өзекті екенін ескерткен аудан әкімі құрылыстың белгіленген мерзімде аяқталуына және сапаға мән беруді тапсырды. Одан кейін аудан басшысы «Дәстүрлі өнер орталығының» жай-күйімен танысты.
Аудан әкімі 2025 жылы қайтарымсыз грант алып, кәсібін бастаған бірнеше кәсіпкердің жұмысын қарады. Ұлттық қолөнерді кәсіпке айналдырған С. Мадияровтың шеберханасында қазақы нақыштағы бұйымдардың дайындалу үдерісі көрсетілді. Ал Бекзат Асқарұлы бүгінгі сұранысқа сай үй жиһаздарын жасап, өндіріс көлемін ұлғайтып келеді. Кәсіптің тағы бір бағытын таңдаған А. Құсайынов брусчатка өндірісін жолға қойған.
Аудан әкімі мемлекеттік қолдаудың нәтижесін көріп отырған жерлестерді қолдау мақсатында жұмысты жандандыруды тапсырды.
— Мемлекет кәсіп бастаймын деген азаматтарға барлық қажетті қолдау тетіктерін ұсынып отыр. Ең бастысы сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, нәтижелі еңбек ету. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған жерлестеріміз бар. Ендігі міндет – осы бастамаларды тоқтатпай, өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ұмтылу. Біз өз тарапымыздан мұндай кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсетеміз, – деді аудан әкімі.
Асылбек Нәсіпқалиұлы