Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының Сұлукөл ауылында мерейтойлық V «Жер ырысы - 2026» агрофестивалі басталды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Фото: gov.kz
Екі күнге созылатын дәстүрлі шараға елімізден және алыс-жақын шетелден 40-тан астам компания қатысып жатыр. Фестиваль аясында өңір шаруалары агросаладағы заманауи технологиялармен, ғылым мен техниканың соңғы жаңалықтарымен танысып, ветеринария мен өсімдік қорғау бағытындағы сарапшылардан кеңес алуға мүмкіндік алды.

Жиынның ашылуында облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірдің аграрлық әлеуетіне тоқталып, кейінгі үш жылда аймақтың агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 190 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгенін атап өтті. Бұл қолдаудың нәтижесінде өңірде егін және мал шаруашылығы қарқынды дамып, жекелеген шаруашылықтар күздік бидайдың гектарынан 100 центнерге дейін өнім жинап отыр. Қазіргі таңда облыста өңделген өнім көлемін 70 пайызға дейін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасуда.

