3.08.2026, 14:30
Оқылды: 10

Әскери ант қабылдау рәсіміндегі сарбаздың видеосы миллиондардың жүрегін елжіретті

Жаңаөзен қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5548 әскери бөлімінде өткен әскери ант қабылдау рәсімінен кейін түсірілген жүрек тебірентерлік бейнежазба әлеуметтік желі қолданушыларының ерекше ықыласына бөленді.

d6bc17c8-3a03-48f2-9dfe-900e54921803

Салтанатты рәсім аяқталған соң әскери алаңда ата-аналар мен жақындары балаларын құшақтап, қуанышқа бөленіп жатты. Сол сәтте көпшіліктің арасынан үнсіз тұрған бір сарбазға Маңғыстау облысы және Ақтау қаласы бойынша «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің өкілі Гүлмира Жанысбаева назар аударады. Ол жас жауынгердің көңіл күйін байқап, қасына барып тілдесіп, осы сәтті бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған.

Бейнежазба аз ғана уақыттың ішінде қалың көрерменнің назарын аударып, бір тәуліктің ішінде 1 миллион 300 мыңнан астам қаралым жинады. Мыңдаған қолданушы сарбазға жылы лебіздерін білдіріп, оған қолдау білдіретін пікірлер қалдырған.

Кейін белгілі болғандай, жас сарбаз – Орал қаласынан әскерге шақырылған қатардағы жауынгер Усов Владимир Николаевич. Оның ата-анасы белгілі бір себептерге байланысты ант қабылдау рәсіміне келе алмаған.

– «Әрине, ата-анамның бүгін жанымда болғанын қалар едім. Бірақ белгілі бір себептермен келе алмады. Уайымдамаймын, бір жыл өте тез өтеді. Қызметімді абыроймен атқаруға бар күшімді саламын», – дейді сарбаз Усов Владимир Николаевич.

Іс-шара соңында әскери бөлім басшылығы ант қабылдау рәсіміне түрлі себептермен қатыса алмаған ата-аналардың балаларын қолдау мақсатында олардың ата-аналарымен бейнебайланыс арқылы тілдесуін ұйымдастырды. Осылайша, ата-анасы салтанатты рәсімге келе алмаған сарбаздар жақындарымен жүздесіп, ақ тілегі мен қолдауын естуге мүмкіндік алған.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік
қолбасшылығының баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале