3.08.2026, 15:00
Оқылды: 11

Көкпар командасы чемпион атанды

"AgroFest-2026" республикалық ауыл шаруашылығы фестивалі аясында ұйымдастырылған ұлттық спорт түрлерінен өткен көкпар бәсекесінде Шыңғырлау ауданының намысын қорғаған «Бөкенбай батыр» командасы тамаша өнер көрсетіп, қарсыластарының бәрінен басым түсіп, І орынды жеңіп алды. Осылайша жерлестеріміз республикалық додада чемпион атанды.

image-03-08-26-12-30

Еліміздің  үздік командаларының басын қосқан жарыс жоғары деңгейде өтті.

Әр ойын тартысқа толы болып, шабандоздардың шеберлігі, сәйгүліктердің бабында болуы және командалық ұйымшылдық жеңімпазды анықтауда шешуші рөл атқарды. Осындай сындарлы додада «Бөкенбай батыр» командасы ұлттық көкпар өнерінің биік үлгісін көрсетті.

Көкпар – халқымыздың рухын, батырлық дәстүрін, ептілік пен ұйымшылдықты дәріптейтін ұлттық ойын. Сондықтан республикалық деңгейдегі мұндай жетістік аудан спортының жетістігі.

Осы жеңіске байланысты аудандық дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің директоры Жұбаныш Түймешов  өз пікірін білдірді.

– "Бөкенбай батыр" командасының бұл жеңісі аудан спорты үшін зор жетістік. Команда мүшелері әр кездесуде жоғары дайындықтарын, ұйымшылдықтарын және жеңіске деген жігерлерін дәлелдей білді. Ұлттық спортты дамыту біздің басты бағыттарымыздың бірі. Осындай жетістіктер жастардың көкпарға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үлкен үлес қосады. Чемпион атанған команда мүшелерін және олардың жаттықтырушыларын шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақытта да республикалық және халықаралық жарыстарда ауданымыздың абыройын асқақтата береді деп сенемін», – деп атап өтті.

"Бөкенбай батыр" командасының бұл жеңісі аудан спортының қоржынына түскен кезекті алтын. Аудан  көкпаршыларының жеңісті жолы жалғасын тауып, ұлттық спорттың мәртебесін биіктете беретініне сенім мол.

 

Сара Шакрат

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале