Оралдағы «Жайық арена» спорт кешенінде өткен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің облыстық іріктеу кезеңі мәресіне жетті. Ұлттық спорттың мерейін үстем еткен дүбірлі додада өңірдің 12 ауданы мен Орал қаласынан келген 23 апайтөс палуан бозкілемге шықты.

Жайық жұртының делебесін қоздырған күресте палуандар тек күш сынасып қана қоймай, қайсарлықтың, табандылықтың және жеңіске деген жігердің қандай болатынын көрсетті. Әр белдесу – нағыз намыс шайқасы, әр жеңіс – маңдай тер жемісі болғаны анық.
Бірінен-бірі өткен мықтылар жиналған додада финалдық белдесу де аса тартысты өтті. Шешуші сында Ақжайық ауданының балуаны Эльнар Жанболатұлы мен Сырым ауданының барысы Мерей Бердіғали кездесті. Осы белдесуге дейінгі тартысты текетіресте қарсыластарын алып ұрған Эльнар «Жа-йық барысы» атанды. Осылайша ол өткен жылғы өкініштің орнын толтырып, көптен күткен жеңіске қол жеткізді.
Турнир қорытындысы:
І орын – Эльнар Жанболат-ұлы (Ақжайық ауданы);
ІІ орын – Мерей Бердіғали (Сырым ауданы);
ІІІ орын – Нұрымжан Ғаббасов (Орал қаласы).
Финалдық белдесуден кейін өз әсерін бөліскен Эльнар Жанболатұлы жүлде-жолдаманың өзі үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.
– Былтыр межелеген мақсатым орындалмай, көңілімде өкініш қалған еді. Биыл сол кеткен есені қайтарып, шемпион атанғаныма қуаныштымын. Бұл – тек менің ғана емес, мені әрдайым қолдап жүрген бапкерлерімнің, отбасымның, жанкүйерлерімнің және Ақжайық ауданының жеңісі. Маған сенім артқан барша жанға шынайы алғыс білдіремін. Енді облыс намысын республикалық кезеңде лайықты қорғауға тырысамын, – деді балуан.
Облыстық іріктеу кезеңінің жеңімпазы Эльнар Жанболатұлы мен күміс жүлдегер атанған Мерей Бердіғали «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде сынға түседі.
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»