10.08.2026, 14:30
Оқылды: 20

Қазақстанда кімдер зейнетке ерте шыға алады?

Қазақстанда ерлер 63 жаста, әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. Сонымен қатар заңнамада азаматтардың жекелеген санаттарына мерзімінен бұрын зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Ақша JP 111

Сурет: сайт архивінен

Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес ерлер үшін зейнетке шығу жасы 63 жасты, әйелдер үшін 61 жасты (2028 жылға дейін) құрайды. Министрліктің мәліметінше, бұл халықаралық тәжірибеге және елдегі қалыптасқан экономикалық және демографиялық жағдайға сәйкес келеді.

Кімдер ерте зейнетке шыға алады?

Әлеуметтік кодекстің 207-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарының ерте зейнетке шығуға құқығы бар.

Төтенше және ең жоғары радиациялық қатері бар аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шілде аралығындағы кезеңде кемінде 5 жыл тұрған азаматтардың «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес:

– ерлердің – 50 жасқа толғанда;

– әйелдердің – 45 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдері тағайындалуына құқығы бар.

Сондай-ақ 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқылы.

Зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар адамдар тұрғылықты жері бойынша өтінішті, сәйкестендіру үшін жеке басты куәландыратын құжатты және басқа да қажетті құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ұсынады.

Олардың қатарында еңбек кітапшасы, архивтік құжат, сот шешімі, болған жағдайда білімі туралы құжат, әскери билет немесе қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің) анықтамасы, балалардың туу туралы куәліктері және басқа да құжаттар бар.

2026 жылы ерте зейнетке шығу құқығын 5410 адам пайдаланды.

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арнайы әлеуметтік төлем беріледі

2014 жылдан бастап жұмыс берушілер міндетті зейнетақы жарналарына қосымша міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) өз қаражаты есебінен зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің пайдасына аударады.

Өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттер меншікті қаражаты есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлер кәсіптерінің тізбесі Еңбек министрлігінің 2023 жылғы 24 мамырдағы №170 бұйрығымен бекітілген, - деді вице-министр Виктория Шегай.

Салалардың дамуына қосқан елеулі үлесін және денсаулыққа зиян келтіру дәрежесін ескере отырып, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап арнайы әлеуметтік төлем төленеді.

Төлем 55 жасқа толған және олар үшін жиынтығында МКЗЖ төлеу фактісі кемінде сексен төрт ай болғанда тағайындалады және жалпыға бірдей белгіленген зейнетақы жасына жеткенге дейін жүргізіледі.

Одан кейін ортақ негізде әйелдер үшін 61 жас, ерлер үшін 63 жас болған кезде ынтымақты және базалық зейнетақы төлемдері, сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төлемдер тағайындалады.

Министрлік зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін төлем әртүрлі көздерден төрт төлемнен тұратынын хабарлады:

1. зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемі;

2. жұмыс берушінің есебінен төлем;

3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы төлемдері;

4. республикалық бюджеттен берілетін арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы. Ол 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде төленеді.

Әскери қызметшілердің зейнетақысы бөлек тәртіппен реттеледі

Әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің зейнетақымен қамсыздандырылуы ұлттық қауіпсіздікті, құқықтық тәртіпті және мемлекеттің қорғалуын қамтамасыз етуге байланысты жоғары тәуекел жағдайында қызметтік міндеттерді орындауымен ерекшеленеді.

Министрліктің мәліметінше, бұл қызметтің ерекше сипаты мен оны өткізудің спецификасына негізделген жеке құқықтық реттеу жүйесі.

Зейнетақы жинақтары зейнетке шығу жасына әсер етпейді

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтың жеткіліктілік шегінен асқан бөлігін пайдалану немесе ерікті зейнетақы жарналары азаматтың зейнетке шығу жасына әсер етпейді.

Алайда бұл зейнетақы мөлшеріне тікелей ықпал етеді. Зейнетақы жарналарының жинақталу мерзімі неғұрлым ұзақ және сомасы неғұрлым көп болған сайын, болашақта тағайындалатын зейнетақы төлемінің мөлшері соғұрлым жоғары болады.

Зейнетақы үш бөліктен тұрады

Қазіргі уақытта зейнетақымен қамсыздандыру мөлшері еңбек өтілі, сондай-ақ жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі ескеріле отырып есептелетін үш құрамдас бөліктен – ынтымақты, базалық және жинақтаушы зейнетақыдан тұрады.

Ынтымақты зейнетақы мөлшері біртіндеп азаяды, өйткені оларды тағайындау кезінде тек 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін жиналған еңбек өтілі ескеріледі.

Ынтымақты зейнетақы мөлшерінің азаюы міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылатын жинақтаушы зейнетақы мөлшерінің ұлғаюымен өтелуге тиіс. Аударым кезеңі мен зейнетақы жарналарының мөлшері неғұрлым көп болса, оның мөлшері соғұрлым жоғары болады.

Базалық зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты, яғни 1998 жылға дейін де, осы күннен кейін де жинақталған өтіл ескеріле отырып, зейнеткерлік жасқа толған барлық азаматтарға беріледі.

Оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің ұзақтығына байланысты және тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-дан 118%-ға дейін құрайды.

Жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары болып табылатын тұлғалардың жинақтаушы зейнетақыға құқығы бар. Оның мөлшері міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының көлеміне байланысты болады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале