Қаржылық ынталандыру нақты сектордың дамуымен тығыз байланысты. Үкіметтің басты назарында Президент қойған міндетті жүзеге асыру мақсаты тұр, ол – ел ішінде шикізатты терең өңдеуден бастап, қосылған құны жоғары дайын өнімді шығаруға дейінгі толық өндірістік циклды құру. Локализацияны дамыту импортқа тәуелділікті азайтуға, отандық кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға және жаңа жоғары өнімді жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді - деп жазды primeminister.kz.

Осы жұмыс шеңберінде 2024 жылдан бері Қазақстанда ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жеңіл өнеркәсіпте мақта өңдеудің толық циклін қалыптастыру негізгі векторға айналды: мәселен, Түркістан облысындағы «TURAN» АЭА аумағында «Түркістан тоқыма» ЖШС LIHUA GROUP-пен бірлесіп иіруден бастап дайын үй тоқыма бұйымдарын шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтитын толық өндірістік циклді заманауи тоқыма кешенін салады. Кәсіпорын мақтаны терең қайта өңдеп, жаңа текстиль өнімін шығарады. Онда 1,3 мың жұмыс орыны құрылады.
Қазақстандық автомобиль жасау саласы сапалы динамика көрсетіп отыр, мұнда кәсіпорындардың құзыреті бұрынғы ірі тораптық құрастырудан бүгінгідей шағын тораптық құрастыру операцияларын орындауға ауысқан. Соның арқасында кейбір автомобиль маркалары бойынша локализациялаудың орташа деңгейі 40%-ға жетті. 2024-2025 жылдар аралығында қуаттылығы жылына 70 мың авто болатын Kia Qazaqstan және мультибрендтік Astana Motors Manufacturing Kazakhstan автозауыттары пайдалануға берілді. Соңғысы жылына Changan, Great Wall Motor және Chery үшін 120 мың авто шығарады.
Сонымен қатар құрамдас база да кеңейтілуде: Саран қаласында Tengri Tyres шина зауыты іске қосылды, Алматыда Hyundai мультимедиялық жүйелерін, HVAC модульдерін және еден жабындарын шығаратын Kazakhstan Mobility Engineering және автоорындықтар шығаратын Almaty Autoparts Production кәсіпорындары, ал Қостанайда автокомпоненттердің мамандандырылған Локализациялық орталығы жұмыс істейді.
Ауыл шаруашылығы және теміржол машиналарын жасауда «АгромашХолдингKZ» базасында John Deere техникасын өндіруді бастау, Valmont Industries компаниясының Valley жаңбырлатып су шашу машиналарын локализациялау, Астанада швейцариялық Stadler жолаушылар вагондарын құрастыру және Wabtec локомотив зауытында локализация деңгейін 45%-ға жеткізу маңызды қадам болды.
Сонымен қатар, XCMG Group-пен («Barys Truck Manufactory» ЖШС) арнайы техникалар, Саранда Samsung компаниясының теледидарлары мен кір жуғыш машиналарын шығару және Алматыдағы Xiaomi теледидарларын құрастыру жолға қойылған.
Сондай-ақ, Петропавл қаласында «ҚАЗТЕХМАШ» машина жасау зауыты» ЖШС-нің өндірістік алаңында LiuGong әлемдік брендінің жол-құрылыс техникалары өндірісі ұйымдастырылды.
Металлургия мен химия өнеркәсібінде үлкен диаметрлі болат құбырларды («ТЭМПО-Казахстан»), алюминий қаптамасын («QazAlPack»), алюминий радиаторларын («Silumin of Qazaqstan»), сондай-ақ сұйық шыны, натрий силикаты және метилэтанол шығаратын зауыттар іске қосылды.
Мұндағы жүйелі нәтижені кешенді мемлекеттік қолдау қамтамасыз етіп отыр. Өнеркәсіптік жобаларға «Бәйтерек» холдингінің даму институттары арқылы ұзақ мерзімге жеңілдікпен қаржы берілуде, 21 инвестициялар туралы келісім жасалған, «Атырау», «Ақтөбе», «Қорқыт Ата» және «Алатау» ИСЛК»-ларды қоса алғанда 11,1 трлн теңгеден астам инвестиция тартқан 18 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істеп тұр.
Жалпы алғанда ішкі тұрақты сұраныстың, ЕАЭО мен Орталық Азия нарығына шығу мүмкіндігінің болуы, шикізат базасы мен өнеркәсіптік преференциялар инвесторларды қарапайым құрастыру өндірісінен отандық қосылған құнның жоғары үлесі бар толыққанды тізбектерді қалыптастыруға көшуге ынталандырып отыр.