Өткен аптада шаһардағы «Атамекен» өнер ордасында Құрылысшылар күніне орай салтанатты іс-шара өтті.

Мереке қарсаңында ұйымдастырылған жиынға облыс әкімінің орынбасарлары Мирас Мүлкәй, Тілепберген Каюпов және өңірдегі құрылыс кәсіпорындарының басшылары, құрылысшылар қатысты. Алдымен келушілер аталмыш өнер ордасында ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Мұнда қаламыздағы 6-шағынаудан аумағындағы ғимараттардың қасбеті ЖИ көмегімен бейнеролик арқылы ұсынылды. Сондай-ақ шаһарымыздағы негізгі нысандардың салынған жылдары мен тарихи суреттері арнайы баннерлерде көрсетілді.
Одан кейін іс-шара өнер ордасының конференция залында жалғасты. Облыс әкі-мінің орынбасары Мирас Мүлкәй құрылысшыларды төл мерекесімен құттықтап, аталмыш саладағы жетістіктерді тілге тиек етті. Оның айтуынша, өңірдегі құрылыс қарқыны бес есеге артқан. Бұл – мәдени инфрақұрылымды жаңарту және нығайту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың нақты нәтижесі.
– Құрылысшы – адамзат өркениетінің бастауында тұрған, қоғам дамуына өлшеусіз үлес қосатын аса қадірлі мамандық иесі. Қай кезеңде болмасын елдің экономикалық қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуымен тығыз байланысты.
Халықты сапалы әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Осы бағытта облысымызда соңғы жылдары жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері облыс аумағында жыл сайын орта есеппен 200 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілсе, соңғы жылдары бұл көрсеткіш 650 мың шаршы метрге дейін артты. Яғни тұрғын үй құрылысының қарқыны айтарлықтай өсіп, жылдық көлем шамамен үш есеге ұлғайды. Атап айтқанда, 2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін облыста 2,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 21 мыңнан астам азамат баспанамен қамтылды.
2023-2025 жылдары тұрғын үй құрылысын дамытуға 109,4 млрд теңге бағыттал-ды. Нәтижесінде 6 483 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 3 674 отбасы – су тасқынынан зардап шеккендер. Биыл облыста төрт көппәтерлі тұрғын үй, сондай-ақ ауылдық елді мекендерде 13 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін халықтың әлеуметтік осал топтарына 763 пәтер, апатты үйлердің тұрғындарына 13 пәтер, сондай-ақ «Отбасы банк» АҚ салымшыларына шамамен 1 200 пәтер беру жоспарлануда. Биыл 42,2 млрд теңгені құрайтын 2 402 пәтерді пайдалануға беру жоспарда бар.
Ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткішін ерекше атап өткен жөн. 2023 жылға дейін облыста 235 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылса, 2023-2025 жылдары тағы 127 елді мекен қамтылды. Нәтижесінде облыс халқы орталықтандырылған ауыз сумен 100% қамтамасыз етіліп, Мемлекет басшысының осы бағыттағы тапсырмасы толық орындалды. Ауыл тұрғындарын ауыз сумен толық қамтамасыз ету
мақсатында биыл сумен жабдықтау жүйелері қайта жаңғыртылуда. Осы мақсатқа 5 жобаға 3,9 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде биыл ауылдық елді мекендердегі су құбыры желілері қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымды дамытуға да қаражат қарастырылған. 7 ауылды газдандыруға 9,8 млрд теңге, тұрғын үйлерге инженерлік желілер тартуға және аумақтарды абаттандыруға 2,5 млрд теңге бағытталды.
Бүгінгі мереке – жай ғана кәсіби мейрам емес. Бұл – қиындықпен шыңдалған еңбектің, табандылық пен төзімнің салтанаты. Сіздердің еңбектеріңіз – ел дамуының берік іргетасы. Ендеше, осы биік жауапкершілік пен мамандыққа деген адалдықтарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін! Сіздерге және отбасыларыңызға амандық, зор денсаулық пен мол бақыт, егеменді Қазақстанымыздың өркендеуі үшін алдағы уақытта үлкен табыс тілеймін! – дей келе Мирас Рүстемұлы сала ардагерлерін, компания басшылары мен құрылысшыларды марапаттады.
Облыстағы құрылыс саласының дамуына қосқан үлесі үшін Жаңақала ауданының «Ұмтыл» кеңесінің мүшесі Жасқайрат Төлеуғалиевқа, «СКФ «Жаиксельстрой» ЖШС, өндірістік базаның бастығы Владимир Есеновке «Еңбек ардагері» медалі табысталды. ҚР «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен «KazConstruc-nionGroup» ЖШС техникалық сұрақтар бойынша директорының орынбасары Ернияз Удреев, «Мирлан» ЖШС бас инженері Серік Есенов марапатталды. Сондай-ақ аталмыш төсбелгіге «ВК ГРУПП КЗ» ЖШС құрылтайшысы әрі жетекшісі Вадим Кожевников, «СВС Батыс» ЖШС директоры Замир Сәрсенбаев та ие болды. Іс-шарада сала еңбеккерлеріне облыс әкімінің алғысхаттары, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің Құрмет грамотасы және аталмыш министрліктің алғысхаттары берілді. Оған қоса, өңірдегі жетекші құрылыс компаниялардың ұжымы түрлі аталымдарға ие болды.
ҚР «Құрметті құрылысшысы» төсбелгісіне ие болған «СВС Батыс» ЖШС директоры Замир Сәрсенбаев өзі басқаратын серіктестіктің негізі 2009 жылы қаланғанын айтты. Осы күнге дейін компания қаламыздағы 50-ден аса түрлі нысанды тұрғызған.
– Құрылысшы ретінде басты ұстанымым – салынған әр нысанның сапалы әрі тұрғындарға қолайлы болуы. Сонымен қатар еңбеккерлердің қауіпсіздігіне де мән береміз. Біз салған 50 нысанның 30-ға жуығы – тұрғын үйлер. Қалғаны – түрлі әлеуметтік нысандар. Ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген барша құрылысшыны кәсіби мерекесімен құттықтаймын! – деді З. Сәрсенбаев.
Іс-шара концерттік бағдарламаға ұласып, кәсіби мереке иелері – құрылысшыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Нұрым ҚАЙЫРБОЛАТҰЛЫ,
«Орал өңірі»