12.08.2026, 16:30
Оқылды: 15

Бюджетке неге өзгерістер енгізіледі?

Облыстық  қоғамдық  кеңес мүшелері облыстық бюджетке өзгерістер енгізу жобасын  мақұлдады. Кеңес отырысына  облыс  әкімінің  орынбасары Тілепберген Каюпов қатысты. 

766288315_17897877429560041_8742452489855716189_n

Күн тәртібінде 2026 жылға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Облыстық қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрия Ғайтпаеваның айтуынша, жергі-лікті атқарушы құрылым шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздар арқылы тартылатын қаражат көлемін 7 млрд 121 млн 287 мың теңгеге азайту ұсынылды. Бұған білім саласындағы қаржының қайта қаралуы себеп болған. Атап айтқанда, білім беру нысандарын ағымдағы және күрделі жөндеуге жоспарланған           15 млрд 558 млн 921 мың теңге қаражат босады. Бұл қаржының босауына білім беру нысандарын жөндеуді мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы қаржыландыру тетігінің қарастырылмағаны  себеп  болған.

Қарапайым тілмен айтқанда, жөндеуге жоспарланған қаражаттың бір бөлігі бұрын көзделген қаржыландыру тәсілі қажет болмай қалғандықтан, бюджетте қайта қаралып, басқа қажеттіліктерге бағытталмақ. Осыған байланысты босатылған қаражатты «Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттеріне жылу, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкция және құрылыс үшін кредит беру» бюджеттік бағдарламасына бағыттау көзделуде. Соның ішінде «Орал қаласы жер асты су құбырының V көтергіш сорғы стансасынан Солтүстік-шығыс шағын ауданының су құбыры камерасына дейін және Солтүстік-шығыс камерасынан СТҚ дейін Д 1000 мм суағарды реконструкциялау» жобасын аяқтауға энергетика және тұрғын үй-шаруашылығы басқармасына 8 млрд 437 млн 634 мың теңге көлемінде қайта бөлу ұсынылды. Мұндай өзгерістерден кейін 2026 жылға арналған облыстың бюджеттің кірісі мен шығысы 518 млрд 100 млн 294 мың теңгені құрамақ.

766074407_17897877462560041_5014771158775882768_n

Салық түсімі тапшы

Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюповтың түсіндіруінше, биыл облыс бюджетіне түсетін салық көлемінің төмендеу қаупі бар. Алдын ала есеп бойынша, жыл соңына дейін 60 млрд теңгеге жуық салық түсімі   орындалмауы мүмкін. Осыған байланысты бюджет қаржысын бірінші кезекте әлеуметтік міндеттемелерді орындауға бағыттау көзделді. Салық түсімдерінің азаюына бірнеше фактор әсер етуде.  Атап айтқанда, әлемдегі геосаяси жағдай тау-кен саласындағы  салық түсімдеріне «салқынын» тигізуде.  Жаңа Салық кодексінің қабылдануы да табыс салығы бойынша түсімдердің төмендеуіне бастайды.  Бұдан бөлек, облыста бірқатар нысанды мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы алынатын кредит есебінен қаржыландыру жоспарланған. Бірақ бұл бағытта да шектеулер бар. Үкімет биыл облыс үшін кредит алу лимитін бекіткен. Белгіленген шектен артық кредит тартуға мүмкіндік  жоқ.

– Көптеген нысан жобалары бағалы қағаздар шығару есебінен жүргізілуде. Бюджет кредиті қаражатын пайдалану мүмкіндігінің шектелуі білім беру нысандарын жөндеу мәселесіне әсер етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста барлығы 86 мектеп ағымдағы және күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Биыл осы жұмыстардың екінші кезеңі бойынша 32 білім беру нысанын жаңарту жоспарланды. Алайда Бюджет кодексіне сәйкес трансферттер беру тетігінің өзгеруіне байланысты аталған жұмыстарды кредит есебінен қаржыландыру көзделді. Бірақ мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы алынатын кредит тек жаңа құрылыс пен реконструкцияға беріледі. Ал ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарына мұндай кредит қарастырылмаған. Осы себепті білім беру нысандарын жөндеуге жоспарланған қаражат босап, облыстық бюджетке тиісті өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр. «Бюджетке енгізілетін өзгерістердің негізгі мақсаты – қолда бар қаржыны нақты әрі басым бағыттарға қайта бөлу», – деп түсіндірді облыс әкімінің орынбасары.

Неше мәрте  «Құрметті азамат» атанасыз?

«Батыс Қазақстан облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы» атағын берудің жаңа қағидалары бекітілді.  Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Жалғас Ғұмаровтың баян етуінше, әр өңір құрметті азамат атағын берудің қағидаларын түрліше қабылдаған. Сондықтан ендігі жерде еліміз бойынша бір үлгілік ереже қолданылады. «Бұрынғы ережеде қандай ма бір ауданның  құрметті азаматы болған адам екінші мәрте облыстың не ауданның құрметті азаматы  атағын алуға болмайды деген талап болды. Мұны ешкім басшылыққа алып жатқан жоқ.  Біреулер ауданның да, облыстың да, қаланың да құрметті азаматы атануда. Тек бір жердің құрметті азаматы болуы керек қой», – деген қоғамдық кеңес мүшесі Жұмабек Жаппарқұлов жаңа ережеде осы мәселенің ескерілгенін сұрады. «Иә, жаңа ереже бойынша азаматтар бір мәрте құрметті азамат атағын алады. Екінші рет атақ алу қаралмайды», – деді Ж. Ғұмаров.

Басқармаға – жаңа функциялар

Қоғамдық кеңес мүшелері облыс әкімдігінің    ауыл шаруашылығы басқармасы мемлекеттік мекемесі туралы ережесіне өзгерістер енгізуді қолдады.  Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің айтуынша, балық  шаруашылығын дамытуды субсидиялау  ауыл шаруашылығы басқармаларының қызметінде болды. Енді бұл шаруа облыстардың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жүктеледі. Екінші өзгеріс – «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сай асыл тұқымды малдың мемлекеттік тіркелімін жүргізу, басып шығару функциясы басқармадан алынып, асыл тұқымды мал палаталарына жүктелді.

Басқарма  функциясына  қосымша алты  қызмет қосылды.  Олар: Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның жұмысын ұйымдастыру;

Жобаларға несие беру үшін агро-өнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобалардың пулын анықтау;

Субсидиялар алуға үміткер кәсіпорынның өндірістік қуаты мен инфрақұрылым сәйкестігіне қорытынды беруді және кері қайтарып алуды жүзеге асыру мақсатында арнайы комиссияның жұмысын ұйымдастыру;

Су үнемдейтін технологияларды енгізуге бағытталған инвестициялық салымдар кезінде ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлер шеккен шығындардың бір бөлігін субсидиялау;

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру және лизинг қағидаларына» сәйкес іс-шараларды ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы саласына кірмейтін шағын кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында тауарлық несие беруді ұйымдастыруды қамтамасыз ету.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале