Батыс Қазақстан облысында автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарының сапасына бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Батыс Қазақстан облысы филиалы мамандары жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары мен елді мекендер көшелеріне 237 рет іріктемелі сараптама жүргізді.

Жүргізілген тексерістердің 165-і республикалық маңызы бар жолдарға, 72-сі жергілікті жол желісіне қатысты. Нәтижесінде барлығы 356 ақау мен ескерту анықталды. Оның 299-ы республикалық, 57-сі жергілікті маңызы бар жолдарға тиесілі. Анықталған кемшіліктердің 116-сы республикалық желіде жойылған.
Мамандардың айтуынша, анықталған кемшіліктердің қатарында технологиялық талаптардың сақталмауы, жол жабынының жобада белгіленген геометриялық параметрлерден ауытқуы сияқты фактілер бар. Сондай-ақ нысандардың бірінде сапаға жауапты техникалық бақылау өкілінің болмағаны анықталған.
Жол құрылысының сапасын бағалауда зертханалық бақылаудың маңызы зор. Осы бағытта филиалдың зертханасында 639 жол-құрылыс материалы сынақтан өткізілді. Оның 245-і жергілікті желі нысандарына, 394-і республикалық маңызы бар жолдарға қатысты.
Зертханалық зерттеу нәтижесінде 214 сынама, яғни жалпы көлемнің 33 пайызы нормативтік құжаттар талаптарына сәйкес келмеген. Оның ішінде 116 сынама жергілікті, 98 сынама республикалық жолдарға тиесілі. Республикалық желі бойынша талапқа сай келмеген сынамалардың 13-і бойынша кемшіліктер түзетілген.
Сәйкессіздіктер негізінен асфальтобетон керндерінің тығыздығы мен суға қанығу көрсеткіштерінен, инертті материалдардың физикалық-механикалық сипаттарынан, сондай-ақ асфальтобетон қоспасының гранулометриялық құрамынан анықталған.
Мамандардың пікірінше, зертханалық бақылау жол құрылысына пайдаланылатын материалдардың сапасын дер кезінде анықтап, жобалық және технологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жолдардың беріктігі мен пайдалану мерзімін арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі.
Жол сапасына жүргізілетін бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.
"ЖАСҰО" РМК БҚО филиалының баспасөз қызметі