14.08.2026, 15:00
Оқылды: 10

Абайдың жолымен, Қадырдың ізімен

Осы аптаның сейсенбісінде Қадыр Мырза Әлидің ескерткішінің алдында «Абайдың жолымен, Қадырдың ізімен» атты поэзиялық кеш өтті.

DSC09365

Бұл іс-шараны Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы ұйымдастырды. Аталмыш поэзия кешіне жергілікті ақын-жазушылар мен өлеңсүйер қауым қатысты. Сондай-ақ «Мөлдір өлең» ұлттық поэзиялық жобасының жетекшісі, ақын Мөлдір Айтбай және осы жобаның жартылай финалында бақ сынайтын ақындар да жыр оқып, өлең отын маздатты. Кеш шымылдығын «Абай әлемі» республикалық көркем сөз байқауының І орын иегері, Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Азат Мыңбай Абайдың бірінші қара сөзімен ашты. Кейін облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшысының міндетін атқарушы Медхат Қамбетов сөз сөйлеп, іс-шараның мән-маңызына тоқталды. Ол қазақтың қос маңдайалды ақыны Абай мен Қадырдың шығармашылығын әркез насихаттап, жұртшылықты өлең өнеріне тарту керектігін тілге тиек етті. Содан кейін жергілікті жас ақындар Азамат Бақи мен Мейрамбек Сыдықов арнау өлеңдерін оқыды.

Айта кетелік, бүгінде «Мөлдір өлең» жобасына өңірімізден Бауыржан Ширмединұлы, Абылайхан Мақсұтов, Меңдібек Лұқпан қатысуда. Осыған дейін біздің ақындар Алматы қаласында Шығыс Қазақстан облысы қаламгерлерімен жыр көкпарға түсіп, басымдыққа ие болды. Жобаның жартылай финалындағы қарсылас – Қызылорда облысының ақындары, әрі ақтық кезең қарсаңындағы сайыс Ақ Жайық атырабында өтпек. Жоба жетекшісі, ақын, «Мөлдір өлең» кітабының ауторы Мөлдір Айтбай жыр кешінде ақжайықтық оқырманға ақжарма тілегін айтып, өз шығармашылығынан өлең оқыды.

– Қадыр Мырза Әлидің ескерткішінің алдында ерекше іс-шараның куәсі болудамыз. Жайық жұртының өлеңге деген құрметі ерекше екен. Бұл өлкеден шыққан жас ақындардың да жазған жырлары көптің көңілінен орын табуда. Оған күні кеше өткен «Мөлдір өлең» жобасының алғашқы кезеңі дәлел. Абылайхан алмас қылыштай жарқылдап, Меңдібек өлеңін мөлдіретті. Ал Бауыржан Ширмединұлының туындылары тыңдаған жанды тебірентпей қоймайды. Жобадан кейін бұл ақындардың өздері де, шығармашылығы да жаныма жақын көрінді. Осы орайда Жайық өңірінде өтетін жобаның жартылай финалына қолдау білдірген Қазақстан Жазушылар одағының БҚО филиалының төрайымы Мұштанова Дариға апайға ризашылығымды білдіремін, – деді ақын.

DSC09387

Іс-шара барысында қызылордалық ақындар Айдар Сайлауов пен Аружан Оралбай, Абылайхан Мақсұтов пен Меңдібек Лұқпан Қадыр ескерткіші алдында өлеңдерін оқыды. Содан кейін Сырым ауданына қарасты Бұлдырты ауылдық орта мектебінің оқушысы, Қадыр Мырза Әлидің 327 өлеңін жатқа білетін Қайырбек Рахман өнерімен көптің  қошеметіне  бөленді.

Жыр кешінде Қазақстан Жазушылар одағының БҚО филиалының төрайымы, ақын Дариға Мұштанова да ақжарма  тілегін  жеткізді.

– Бүгін Қадыр ағамыздың ескерткішінің алдында жас ақындар өлеңмен тілдесіп, сырласып, жыр оқуда. Соңымыздан ерген таланттардың туындыларын тамсанып тыңдап отырғанымыз қандай бақыт! Осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылса, жаңа есімдер шығып, туындылар танылып, Ақ Жайық өңірі жақсы жырдың Отанына айналары сөзсіз. Жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолын» жазып, Абай Құнанбайұлын көкке көтерді. Бәлкім осындай дүркін кештерден соң, «Қадыр жолы» деп жазатын арамыздан бір аутор шығар. Абай да, Қадыр да қазақтың қос алыбы ғой. Екеуінің де орны бөлек.

Былтыр Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына бару нәсіп етті. Абайдың туған топырағын басқанда бойымды ерекше сезім биледі. «Біз Абайдың ауылдастарымыз» деген азаматтардың дидарынан ішкі рух, мақтаныш сезіліп тұрды. Барғаннан қайтқанға дейін «Желсіз түнде жарық ай» әні тамылжыта шырқалды. Сол секілді біз де Қадыр атаны ерекше құрмет тұтып, оның өлеңдерін әрқайсымыз білуі-міз керек, – деді Д. Мұштанова.

Кеште Жайық өнерінің жас жұлдыздары Сиғватолла Ешкаев, Ерлан Қуанышев Қадыр Мырза Әлидің өлеңіне жазылған әндерді шырқады.

Ақжайықтық ақындардың кейінгі буыны Арайлым Қабиболла, Ақбота Ширмедин, Арнұр Жұмабай өз өлең-жырларын  оқыды.

Нұр-Бақыт  ТҰРСЫНБАЕВ,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале