Аймақ басшысының орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалығымен полигон жеріне байланысты кеңес өтті.

Күн тәртібінде Бөкей ордасы ауданының шаруалары тарапынан көтерілген мәселелер қаралды. Атап айтқанда, Ресей Федерациясына сынақ алаңы үшін жалға берілген жерлерде мал шаруашылығы қызметін жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды. Жиынға құзырлы департамент, басқарма басшылары, «Нарын» шаруа қожалығының жетекшісі Нағим Тәжімұратов қатысты.
Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумовтың айтуынша, әскери-сынақ полигоны басшылығының ке-лісімімен ІІ санаттағы жерлер шаруашылық құрылымдарына қысқы мал азығын дайындау үшін пайдалануға беріліп келеді. Аталған учаскелерде тек маусымдық жұмыстарға ғана рұқсат етілгеніне қарамастан, полигон аумағында қыстақтар орналасқаны, заңсыз құрылыс нысандары салынғаны анықталған. Осыған орай жергілікті атқарушы құрылым арнайы жұмыс тобын құрып, өз құзыреті шегінде тиісті жұмыстар жүргізуде.
Облыстық жер ресурстарын басқару департаменті басшысының орынбасары Тахир Нұрахметов баяндама жасады. Құзырлы құрылым кеңес отырысында айтылған деректер бойынша заңнама талаптарына сәйкес тексеру ұйымдастырады.
Кеңес төрағасы бақылау мен тексеру жұмыстарының жеткіліксіздігін айтып, ведомствоаралық байланысты күшейту және нақты алгоритм құрудың маңызын атап өтті. Бөкей ордасы ауданының әкіміне облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің тексерісі кезінде жергілікті уәкілетті құрылымдар, қоғам белсенділері мен шаруа қожалықтарының қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды. Салалық басқармаға тексеріс қорытындыларын ескере отырып, келесі отырысты ұйымдастыру жүктелді.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі