Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітап оқитын ұлт – келешегі кемел ұлт. Біз жас ұрпақтың бойына кітап оқу мәдениетін сіңіріп, олардың білімге, ғылымға деген құштарлығын арттыруымыз керек» деп атап өткен болатын. Осы орайда бүгін Шыңғырлау ауданында жас оқырмандардың басын қосқан «Мен оқыған 30 кітап» атты облыстық кітап оқу байқауының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Бұл рухани жоба Шыңғырлау ауданында мектепішілік және аудандық жоба болып бастау алып, бүгінде облыстық деңгейдегі ауқымды білім бәйгесіне айналып отыр. Аталмыш игі бастаманың басты мақсаты – өсіп келе жатқан жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру, оқу мәдениетін терең қалыптастырып, көркем әдебиетті кеңінен насихаттау.

Биылғы додаға облысымыздың әр бұрышынан ең белсенді жас кітапсүйерлер жиналды. Олар өзара сайысқа түсіп, өзіндік оқырмандық өресін, білім өрісін және шығармашылық әлеуетін танытуға мүмкіндік алып отыр. Салтанатты жиын барысында облысқа белгілі және беделді әділ қазылар алқасы мен қатысушылар таныстырылып, байқаудың шарттары мен ережелері түсіндірілді. Шарада Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев сөз сөйлеп, білім бәйгесіне қатысушы жастарға ақ тілегін білдірді.

Адақ Танабайұлы,
Шыңғырлау ауданы